Президент берген уәде жүзеге асып жатыр – саясаттанушы

Президент берген уәде жүзеге асып жатыр – саясаттанушы

Белгілі саясаттанушы Расул Жұмалы 26 сәуірде өткен AMANAT партиясының кезектен тыс ХХІІІ съезіне қатысты пікір білдірді. Саясаттанушы әлеуметтік желіде жариялаған жазбасында саяси бәсекелестікті дамыту тұрғысында қабылданған шешімдерді оң қабылдайтынын айтты.

«Партия төрағалығынан Президенттің, өңірлік филиалдарға жетекшілік етуден әкімдердің шығуы жайлы берілген уәде іс жүзіне асып жатыр. Билеуші партия елбасының абыройын жамылмауын, иә әкімшілік әлеуетке сүйенбеуін қоғам белсенділері баяғыдан талап етті. Онысы мінеки орындала бастады. Ал енді бұған даурығудың қандай қисыны бар? Қайта саяси алаңдағы ойын ережелері оңтайланып мүмкіндіктер теңескенде басқа саяси күштер қуанбай ма? Әрине, шынайы ойы – хайп пен популизмді қуалау емес, ашық күресте өз мақсат-бағдарын жүргізу болса» - деді Расул Жұмалы.
Сондай-ақ ол ADAL мен AMANAT партияларының бірігуі олардың жұмысын одан әрі жандандырады деп атап өтті.
«AMANAT-тың өзі Президент көшбасшылықтан кетсе де оның реформаларын баянды ету ісін жалғастыра бермек. Соңғы жылдары ішкі қайта құру мен праймеризден кейін бұл партия жас әрі жігерлі мүшелермен толыға түскені оның өз күшіне сенімді екенін байқатады. Соның бір ғана айғағы – ADAL партиясының AMANAT-қа қосылып ортақ харекетке көшкені. Меніңше бұл әлі де көп жағдайда ұйқыдағы партиялық құрылыс үрдісіне қан жүгіртуі керек. Елге керегі де осы. Анау да жаман, мынау да жаман немесе бойкот деп отыра берсек тасымыз өрге домаламасы анық» - деп жазды саясаттанушы Facebook-тегі парақшасына.