Елорданың тап іргесінде орналасса да, қарапайым игіліктерге қол жеткізе алмай қараң қалған ауылдардың қарасы азаймай тұр. Түтін саны ай сайын емес, күн сайын күрт көтеріліп келе жатқан бұл ауылдардың билікке айтар назы басым. Басқасын былай қойғанда, тіршілік үшін ең қажетті жарық пен судан және жолдан тарыққан жұрт Президент Тоқаевқа дейінгі биліктің барлық сатысына шағымданған. Алайда миллиардтаған қаржы «игеріліп» жатса да, жоғарыдағы жауыр мәселелердің түйіні шешілмей тұр. Бюджеттің бүйірінен бөлінген қомақты қаражаты «желге ұшқан» ауылдардың бірі – Аршалы ауданына қарасты Жібек жолы... Ресми деректер бойынша, бұл ауылда қазір 10 500 адам болса, ал шын мәнінде халықтың саны 24 мыңнан асып жығылған. Алайда ауызсу, жарық пен жолдан жұрдай қалған. Бір қызығы, әлеуметтің ащы жанайқайына себеп болған бұл салаға бюджеттен қомақты қаражат бөлінбеген емес, бөлініпті. Тіпті, ауылдың тұтастай түлеп, жарығы самаладай, жолдары тақтайдай, суы бұлақтай болатындай етіп миллиардтаған қаржы құйылған. Алайда тартыла бастаған құбырлар толық төселмей, асфальт жол салынбай, жарық желілері тартылмай, орта жолда тоқтап қалған. Ал миллиардтаған қаражаттың арты құмға сіңген судай болып «құрғап» кетіпті...
Қыруар қаржы текке кетті
Ауыл тұрғындары жергілікті атқарушы биліктен бастап облыс әкімдігі, прокуратура, ішкі мемлекеттік аудит сияқты тиісті органдардың табалдырығын талай тоздырған. Ал жақында ауыл белсендісі, белгілі заңгер Әлібек Алмабаев өзінің Facebook әлеуметтік парақшасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу де жариялапты. Ауыл белсендісімен біз де тілдесіп, мән-жайға қанықтық. «Қазір жергілікті аудандық прокуратура, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, ішкі мемлекеттік аудит сияқты басқа да тиісті органдар тексеріс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл жерде қомақты сомада бюджет қаражатының жымқырылып, сыбайлас жемқорлық қылмысының болғаны анық. Оған тексеріс барысында бізге жеткен деректер толық дәлел бола алады. Жүргізілген жұмыстардың жартысы да орындалмаған. Ал бюджеттің бүйірінен бөлінген қаражаттың тұтамдай-ақ бөлшегі қалған. Ал ол қаражаттың біздегі жоғарыда аталған мәселелерге жетпейтіні айтпаса да түсінікті. Жергілікті билік тағы да бюджетке емініп, қаржы сұрайды. Мен бұл мәселені толықтай Президент Тоқаевқа бейнеүндеу түрінде жарияладым. Бұған арнайы құралған комиссия кешенді тексеріс жүргізбесе болмайды», – дейді ауылдың белсенді тұрғыны, заңгер Әлібек Алмабаев. Ауыл белсендісінің жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша алған нақты деректері сұмдық. Мәселен, 2018 жылғы 3 қазанда Жібек жолында су құбырларын тарту үшін №64 келісімшарты жасалған. Мердігер «Комби-строй-1» ЖШС болыпты. Шарттың құны 568 759 500 теңгені құраған. Нысан 2019 жылғы 30 қазанда аяқталуы тиіс болған. Сол сияқты 2018 жылғы 24 қазанда электр желілерін тарту үшін №67 келісімшарт жасалған. Мердігер «Дорстройтрест» ЖШС. Шарттың құны 1 038 128 000 теңге. Электр желілері араға жыл салып 2019 жылдың 30 қазанында аяқталуы тиіс еді. Бұған қоса, 12.12.2018 жылы ауылда көше жолдарын салу үшін №77 келісімшарт жасалған. Мердігер «МСК» ЖШС. Шарттың құны 2 257 920 000 теңгеге жетіп жығылған. Нысан 2019 жылдың 1 қарашасында-ақ пайдалануға берілуі тиіс болыпты.- Иә, берілуі тиіс болған. Бірақ жүргізілген тексеріс қорытындысы бюджеттің миллиардтаған қаржысының текке кеткенін айғақтайды. Дәл қазіргі уақытта келтірілген деректер бойынша, электр желілері үшін бөлінген қаржыдан тек 102 миллион, жолдан 633 млн теңге ғана қалған. Ал ауыл Нұр-Сұлтанның дәл түбінде тұрса да, жарығы мен суы аса қымбат болып, мүшкіл жағдайға түскен. Ал жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындысы жаға ұстатарлық статистиканы жайып салды. Оған сәйкес, Жібек жолындағы ауызсу бойынша 5 432,9 мың теңгенің, жарық бойынша 479,5 мың теңгенің жұмысы орындалмағаны анықталған. Одан кейін болған заңбұзушылықтар бойынша қайта тексеріс барысында мердігер компаниялар кемшіліктерді түзетіп, 5 912,5 мың теңге сомасының орындалған жұмыс актілерін ұсыныпты.
P.S.
Сонымен, бюджеттің бүйірін миллиардтап «сорған» Жібек жолының жыры бітпей тұр. Ал тиісті органдардың жауабы ауыл тұрғындарының көңілін көншітпейді. Сондықтан мәселе Мемлекет басшысының тікелей бақылауымен құрылған комиссия арқылы шешімі табылмаса, басқа амал қалмаған сияқты.
Ақмола облысы