Қазір ел аузында 4 пайыздық арзан несиеге отандық автокөлік алу жайы талқыланып жүр. Дегенмен жеңілдігі бар автонесие бағдарламасына көптің көңілі толар емес. Небір пікірді естіп жүрміз. Бұрын осыған ұқсас бағдарлама арқылы отандық көліктер жақсы сатылған. Енді несиеге берілетін көлік сапасы мен бағасы сынға ұшырады. Әлқисса, елде 2015 жылдан бастап «Нұрлы жол» экономикалық саясаты арқылы отандық көліктерді жеңілдетілген несиемен беру басталды. Сұраныс болып, соның арқасында автоқұрастырушы зауыттар қоймаларында толып қалған дайын көліктерін сатып, дағдарыстан «аман қалды». Көп ұзамай мұндай автонесие беру шараларын Үкімет 4 рет қайталады. Барлығында банктер де, көлік құрастырушылар да бөлінген қыруар қаржыны игерді. Кейін осы амал сәл мәселе туындаса тығырықтан шығарар жолдай көрініп, әдетке айналғандай. Былтыр да жеңілдетілген автонесиеге 150 млрд теңге бөлінетіні, ақша алдағы бес жылда екінші деңгейлі банктерге аударылатыны айтылды. Индустрия министрлігі жоспар бойынша, 2022 жылы – 30 млрд, 2023 жылы – 35, 2024 жылы – 40, 2025 жылы 45 млрд теңге қарастыратынын мәлімдеген. Енді биыл жыл басындағы автокөлікке қатысты утильалым дауынан кейін Үкімет жеңілдетілген автонесиеге қайта иек артты. Бағдарлама жоспары бірнеше рет талқыланып, түрленіп, ақыры бір ұстанымға келді. Өткен айда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жеңілдетілген автонесиенің шарттары анықталғанын хабарлады. Несие тек отандық, яғни елде құрастырылған көліктерге ғана берілетінін ұмытпаған жөн. Ол қандай көліктер? Автонесиеге Lada брендінің көліктері (құны 3,7-6,6 млн теңге аралығы) мен Chevrolet маркалары (5-9,4 млн) енген. Танымал Kia (7-7,3 млн) мен Hyundai (6,7-9,1 млн) маркаларын да сатып алуға болады. Бұл тізімге қытайлық JAC (7-8,4 млн) көліктері де қосылған. Renault (7,4-8,3 млн) мен ресейлік УАЗ (7,3-8,4 млн аралығы) өнімдері де бар. Дегенмен бұл тізімдегі маркалардың қымбат, премиум санаттағыларын несиеге ала алмайсыз. Ал елде құрастырылған деген аты бар төменгі санаттағы көліктерге елдің көңілі көншімей отыр. Сын көп айтылады, әсіресе баға мен сапаға. Оның үстіне, утильалым мен бюджет ақшасына жеке зауыттардың көлігін несиеге беруді әділетсіз санайтындар көп.
Жұрт көңілі неге толмады?
4 пайыздық автонесиеге көптен бері ел арасында жағымсыз пікір қалыптасқанын байқап жүрміз. Теңге құнсыз болған соң арзан көлік іздеп, қазақстандықтар өзге елдердің нарығына жиі ауады. Мысалы, көрші Ресейден жақсы әрі жаңа хетчбэкті 1-1,5 млн рубльге сатып алуға болады. Осы қаржыға әрі кетсе елімізде жасалған седан ғана аласыз. 2020 жылы Өскеменде орналасқан «Азия Авто» зауытында құрастырылған Kia Cerato New седанының бағасы 9,5 млн теңге тұрған еді, қазір 11 млн-нан асып үлгерді. Баға тиімді деп айтуға келе ме? Автоөндіріс деген аты болмаса, шетелге тәуелдіміз. Отандық машина жасау саласы импортқа бағынышты. «Атамекен» ұлттық палатасының мәліметінше, автомобиль жасаушылар 1,8 млрд АҚШ долларының құрал-жабдықтарын шетелден тасып әкеліп, елде құрастырады. Шикізатқа да мұқтаж. Себебі құйма өндірісі, ұсталық өндіріс, ыстық қалыптау сияқты автоөндіріске қажеттінің бәрі дамымай, кенжелеп қалған. Екіншіден, отандық көлік құрастырушы зауыттар біраздан бері бюджет есебінен күн көруге «үйреніп» алды. Тіпті, лоббистері мемлекеттік органдарға да ықпал етті. Мәселен, шетелде шығарылған автомобильдерді сатып алуға тыйым салынды. Екі жыл бұрын Үкімет 2 жылдық мораторийге қаулы шығарды. Сол 2 жылдық тыйым мемлекеттік қызметшілерге арналған қызметтік көлікті де шетелден алдырмауға септесті. Автонесиені қолдайтындар да жоқ емес. Сала сарапшысы Олжас Оқас мұның халық үшін тиімді екенін көптен айтып жүр. Оның ойынша, автонесиенің пайызы төмен. «Қазақстандықтар жаңа көлік алып, оны бірнеше жылда төлеп тастаса, бізге утилизациялық зауыт та керек емес. Көрші елдер сол көліктерді сәл арзан бағамен алып кетеді. Ал біз қайтадан жаңа көлік сатып ала аламыз. Мұндай саясатты қазір Біріккен Араб Әмірліктері ұстанып отыр», – дейді ол.Қаржының 80 пайызы шетелге кетеді
Отандық автокөлік өнеркәсіпке бөлінген қаражаттың 80 пайызы жинақтаушы бөлшектер мен оның материалдарын сатып алуға жұмсалады. Салдарынан елдің төлем қабілеті нашарлап, теңге бағамы қысымға түседі. Мысалы, 200 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінсе, оның 160 млрд теңгесі шетелге кетеді. Мамандар сайып келгенде автонесиенің басты мақсаты – ӨКМ операторының ақшасын жұмсау болып тұрғанын айтады. Мәселен экономист Ғалым Құсайынов бірнеше кемшілікті тізбектеп берді. – Ең алдымен арзан несие ақшаның құнын кетіреді, біз нарық механизмін дамыту керек болған кезде бұрынғы әдістерге қайта оралдық. Инфляция 8,4 пайыз болғанда 4 пайызбен несие беру – ақшаны теріс мөлшерлемемен несиелендіруді аңғартады. Мемлекеттің басты мақсаты не? Халықты көлікпен қамтамасыз ету ме әлде халықтың жайлы жүріп-тұруына жағдай жасау ма? Егер осы сұрақтарға жауап берсек, ӨКМ операторының ақшасын келесі нәрселерге жіберген абзал. Олар – ауыл шаруашылығы техникасының лизингін қаржыландыру және техникасын локализациялау, қоғамдық көлікке инвестиция ұлғайту, – дейді ол. Қазір автокөлік сарапшылары отандық көліктерді сатып алуға ақша бөлу темір тұлпардың құнын тағы 10-30 пайызға көтеретінін жиі ескертеді.Ескі көліктердің отаны болдық
Шынын айтқанда, несиеге көлік алу – жұрт үшін тиімді емес. Өйткені көлік жүре бастаған күнінен-ақ бағасын жоғалта береді. Ал «отандық өнеркәсіп» деген атау алған, елде құрастырылып жатқан көліктерге жаппай сұраныс жоқ. Автомобиль саласы кәсіпорындары одағының ақпараты бойынша, еліміздің жолдарында жүрген 1 млн 200 мың (былтырғы дерек) көлікке 20 жылдан асып кеткен. 2015 жылы шыққанына 10 жылдан асқан автокөліктердің үлесі елде 59 пайызды құраған. 2020 жылы 70 пайыздан асты. Қазір одан әрі артқаны анық. Сонда елдегі 4 млн көліктің 3 млн-ға жуығы тозған болып саналады. Демек, 10 млн теңгеге жетпейтін бағадағы машиналарды жұрт несие арқылы алып жатқанда, ескі, есесіне арзандау көліктерге сұраныс әлі толастамайды. Содан кейін шетелден көлік тасымалдауға асығатындар көбейсе – заңдылық. – Пайдаланылған көліктерді Армения, Грузия, Қырғыз Республикасы, Ресейден алып келуге қазір көбі қорқады. Өйткені ел ішінде заңды тіркеу ақысы тура көліктің бағасына тең деген ұғым қалыптасты. «Салығы өсіп кетсе, ұрланған көлік болып шықса» деген үрей бар. Азаматтарымыз көбіне елдегі ескі көліктерге басымдық береді. Басқа елден алып келуге мүмкіндігі жоғын білген жұрт қолда бары ескі болса да әдейі бағасын өсірді. Ал Қазақстанда құрастырылған көліктерді алып жатқандар бар. Бірақ сапасына сенімсіздік танытатындар одан да көп. Импорттық көліктерге банктердің пайыздық үстемеақылары өте жоғары, – дейді автокөлік нарығының сарапшысы Айжан Күлмұханбетова. Қорыта айтқанда, әзірге аталған бағдарлама арқылы автонесие алуға құлшынып отырғандар аса көп емес тәрізді. Бірақ «сұраныс болмайды» деп түбегейлі ой түюдің қажеті жоқ. Не де болса, елдегі көлік құрастырушы зауыттар мемлекет қолдауының арқасында біршама өнімін өткізіп үлгеретіні анық. Алайда одан «отандық өндіріс» қарыштап кетпейтіні белгілі.