Әкемнің өнегемен өрілген өмірін үлгі тұтып келе жатқаныма жарты ғасырдан асты. Тырнақалды туындым – «Әкем – мақтанышым» аудандық газетте жарияланғанда жүрегім жарылардай қуанғаным әлі есімнен кетпейді. Сол кездегі «Ильич жолы», қазіргі «Төлеби туы» басылымы сонысымен жүрек төрінде қаттаулы. Адам есімі – тағдыр кесімі болып көрінеді де тұрады маған. Балаға ат қоюда абай болу қисыны туады бұдан. Бабамыз Сақ тұңғышының есімін Өмірбай деп атағанда жасы ұзақ болсын дегенді меңзегені айтпаса да түсінікті. Сол ат әкем өмірінің сыр сандығын ашар кілті десем, қателікке ұрынбаспын, сірә. Осыдан тоғыз жыл бұрын 92 жасқа қараған шағында келместің кемесіне мініп, мәңгілік мекеніне аттанған әкем өмірі оңай болмағаны айтуға ғана оңай. Ортамызда жүргенде биыл 100 жасын тойлап жататын абыз тағдыры қиындыққа толы болды. Балалық шағы халқымыздың ғасырлық қасіреті – 1932 жылғы ашаршылық зұлматына тұспа-тұс келгендіктен, тағдырдың кермек дәмін ерте тартуына тура келді. Он жасқа жетпей анадан айырылу оңай деймісіз. Жарықтық әжеміз өзі әбден ашықса да, қолына іліккен дәмді үш ұлының аузына тосып, ұрпағын аман қалдырып, өзі о дүниелік болғаны аңыз әңгіме. Үйдің үлкені – он жасқа толмаған балаға артылған тауқымет қиямет-қайым еді. Сақ бабамыз ашаршылықтың салдарынан иелері тастап кетіп, қараусыз қалған «тоқал» үйлердің төбесін ашып, жабылғы орнына жұмсалған сабанды топырақтан аршып алып, күні бойы сапырып, бір уыс бидай жинап келіп, тұңғышына тапсырады екен. Әкеміз оны қуырып, талқан қылып, екі бауырын асыраған ғой. «Үйдің ішінде қалдырса, екі аяқты «қасқырларға», сыртқа қалдырса, төрт аяқты қасқырларға жем бола ма деп бізді үйіміздің төбесіне жинаған шөптің арасына шайла жасап, сонда қалдырып кететін» деп әңгіме қоздататын еді әкеміз жарықтық, балалық шағын еске алғанда көзіне еріксіз жас үйіріліп. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда әкеміз кәмелеттік жасқа жаңа толған бозбала. 1941 жылы әскер қатарына алынады да, бір жыл дайындықтан кейін сол кездегі Сталинград шаһары маңында кескілескен ұрысқа кіреді де кетеді. Содан төрт жыл соғыс тозағының алдыңғы шебінен табылып, өмір мен өлім арпалысының қиямет қайымында қарылады. Екі рет ажал тажалынан аман қалады. Зеңбірек оқтаушысынан көздеушісіне ауысқан тұста неміс фашистерінің «Тигр» танкі атқан оқтың жарықшағы маңдайын дап-дала қылып жанап өтіп, өлім аузынан қағылады. Маңдайында өмір бақи қалып қойған тыртық – сол жарақаттың орны. Ал Прага қаласын азат ету шайқасындағы ерлігі – өз алдына жеке дастан. Кеңес әскері шаһарға салтанатты шеру жасап кіреді ғой азат етушілер кейпіне еніп. Сайқал саясат не істетпейді дейсіз. Қала халқы құшақ жая қарсы алады деп шатасқан ғой. Еуропа қалаларының көшесі тар, екі жағы сап түзеген ғимараттар емес пе? Соған бекініп алған неміс басқыншылары оқ жаудырып қарсы алады. Әкеміз онда артиллериялық атқыштар тобының командирі. Машина сүйреп бара жатқан зеңбіректі жалма-жан шешіп алып, табанын бекітуге уақыт жоқтықтан тәуекелге барып, тіреместен қарсыластарына қарсы оқ атып үлгереді. Соның өзі тым-тырақай қашып жатқан әскерге ес болып, жан сақтау үшін шайқас басталады да кетеді. «Үй паналап жаумен атысып жатқанбыз. Бір кезде батарея командирінің маған дауыстап айқайлаған: «Жолдас Сахов, шинеліңді шешші» деген командасын орындасам, «Ай, қазақ, сенің құдайың қай құдай?» деп басын шайқайды. Сөйтсем, фашистің жүрек тұсымнан атқан оғы қолтығымды жанай өтіп, жау қолына түссе, коммунист екенін білсін деп жан қалтамыздан тастатпайтын партбилетімнің бұрышын тесе, шинелімнің артқы жағын опырып шығып кеткен ғой. Командирім мені ет қызуымен білмей тұр, қазір құлайды деп ойлаған болуы керек», – деп еске алып отыратын әкеміз сол бір сұрапыл күндер туралы әңгіме өрбіткенде. Қолтығындағы тыртық соны растап тұратын. Осы ерлігі үшін полк командирі шайқас аяқталғаннан кейін сап түзеген жауынгерлер алдына шығарып, «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынамын» деп ерлігін атап өткен екен. Оны әкемізден емес, ұлы Жеңістің 60 жылдығына орай балалары ұйымдастырған тойға шақырылған майдандас достары аузынан естігенімізде одан бейхабар екенімізге таңданысымызды жасыра алмағанбыз. Кейіннен аудандық әскери комиссариат арқылы Мәскеуден мән-жайын сұратқанымызда ол атаққа ұсынылғаны рас, алайда КСРО жоғары әскери комиссиясы «Қызыл Жұлдыз» орденіне алмастырған деген бір жапырақ жауап алып, қазақ болғандықтан, ол атақты қимаған ғой деп қойғанбыз. Тарих Екінші дүниежүзілік соғыс барысында ондай әділетсіздіктің көп болғанын дәлелдеп келе жатқан жоқ па? Сол соғыста жарты Еуропаны фашизм лаңынан тазартып, қақаған аяз, аптап ыстықта айлап, жылдап арып-ашып жер шалғанын, жол үстінде сап түзеп бара жатып екі қапталдағы жауынгерден басқасы ұйықтап демалатынын, түнде зеңбірек сүйреткен машиналар жау көзіне түспеу үшін шам жақпай жүретіндіктен, дөңгелек жапқышының үстіне отырып алып, жүргізушіге ауызы талғанына қарамастан айқайлап жол нұсқайтын кездерін айтпағанда өмір мен өлім айқасында шыбын жаны шырқырап, ажалмен бетпе-бет келген тұстары қаншама? Әсіресе, әкеміз Днепр өзенін кесіп өткен кездегі шайқасты жиі есіне алатын. Он шақты рет өзеннен әрі өту әрекеті жасалыныпты. Жау да тіресіп тұрып алған. Ротадан жалғыз өзі қалған кезі де болған. Жаңадан жасақталған жауынгерлермен қайта шабуыл жасағанда бірі-бірімен қоштасып, араздасып аттанатынын әңгімелегенде қос жанары шылауланып қалатын. Оққа ұшып өлген жауынгерлерден жер беті көрінбей, үйіліп қалатын жан түршігерлік көрініс қалай есінен шықсын. Жан тапсыру оңай ма, өлікті паналап, жан сауғалаған кездері де болыпты. Ол туралы айтқанда қанша уақыт өтсе де, жан жарасы сыздап қоя беретінін түрі бұзылғанына қарап терең сезінетінбіз. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген рас екен. Әкеміздің төрт жыл жан алып, жан беріскен соғыстың өн бойында алдыңғы шептен табылғанына қарамастан, аман-есен, он екі мүшесі сау елге оралуы құдай қаққаннан. Оған дәнекер азан шақырып қойған аты деп ойлаймын. Өмірі ұзақ болсын деп есімін Өмірбай қойған Сақ атамыздың таза ниеті періштенің құлағына шалынған болуы керек. Омырауына тағып оралған жауынгерлік «Қызыл Жұлдыз», «Қызыл Ту», бірінші, екінші және үшінші дәрежелі «Отан соғысы» ордендері мен «Ерен ерлігі үшін», «Берлинді босатқаны үшін», «Праганы азат еткені үшін», «Бірінші парадқа қатысқаны үшін» медальдары майдан шебін жай басып өтпей, қазақ батырларының даңқына сай ерлікпен шайқасқанын паш етуі сол жайынан сыр шертеді. Соғыстан аман-есен оралғаннан кейін 50 жылға жуық туған жері – қазіргі Түркістан облысының Төлеби ауданындағы «Совет» колхозының өсіп-өркендеу жолында ерен еңбек сіңіру бақыты бұйырды. Жергілікті партия ұйымының жетекшісі, бригадир, сүт фермасының меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарып, ауылдастарының ғана емес, берісі аудан, арысы облыс жұртшылығының құрметіне бөленгеніне көпшілік куә. Қай қызметті атқарса да адалдығы мен зор жауапкершілікпен қарауының арқасында үлкен табысқа жетті. Еңбегі еленбей қалған жоқ. Алдымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен, кейіннен «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Ол кезде мемлекеттік награда Мәскеуден, КСРО Жоғары кеңесінің шешімімен берілетінін ескерсек, бұл марапаттардың бағасы еселей түсетіні айтпаса да түсінікті. Еңбек ер атандырады деген қағиданы ұстанған әкеміз бейбіт заманда да ерлікке толы еңбегімен батыр атануға болатынын кейінгілерге үлгі етіп, өнегелі із қалдырды. Еңбек демалысына шыққаннан кейін де зейнеткермін деп жатып алмай, ғұмыр бойы жиған абырой-беделін туған ауылының көркеюі жолына аямай салды. Баз біреулер секілді әкім-қаралардың алдына жеке мүддесін күйттеп барған жоқ, ауыл ақсақалдарының басын құрап, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ауылдың күйіп тұрған мәселелерін шешу жолына жұмылдырды. Аудан, облыс әкімдерінің қабылдауына сан қайтара барып жүріп, оларды еріксіз түпкірдегі Төңкеріс ауылына көңіл аударуына мәжбүр етті. Әуелі тоз-тозы шыққан тасжолдың теп-тегіс болып түзелуіне, одан кейін өмірде болмаған ауызсу құбырының тартылып, әр үйдің таза сумен қамтылуына, ақыр соңында сұйық отын – газбен қамтамасыз ету жоспарына осы ауылдың алғашқылардың бірі болып енуіне септігін тигізгенін тұрғындар жыр қылып айтып, аруағына ризашылықтарын білдіріп келеді. Одан бөлек, су жаңа мектеп пен емхананың қысқа мерзімде салынып бітіп, есігін айқара ашуы әкеміз бастаған ауыл ақсақалдарының тыным таппай, ауыл мен қала арасында сабылуының жеңісті жемісі екеніне ел-жұрт куә. «Әке көрген – оқ жонар» демекші, әкеміздің тәрбиесі туралы да айтпай кету қиянат болар еді. Жеті ұл, алты қыз өсіріп, одан көзі тірісінде алпысқа тарта немере, оннан аса шөбере сүйіп, ата-аналық бақытқа бөленген әке-шешеміз ұрпақ тәрбиесінде ата-бабаларымыздың дәстүріне берік болды. Үлкеннің алдын кеспеу, кішіге ізет, үлкенге құрмет көрсету, кісіні алаламау, адам баласының ала жібін аттамау, ұрлық-зорлыққа жоламау, өтірік-өсектен аулақ болу, көпке адал қызмет ету өсиеттерін бойымызға сіңіріп өсірді. Жастайымыздан еңбекке баулыды. Жалқаулыққа жол бермей, еңбек емуді өмірлік бағдаршам етіп ұстау отбасымыздың басты ұстанымы еді. Одан жаман болған жоқпыз. Он үшіміз он үш үй түтетіп, маңдай тер, адал еңбегімізбен қатарымыздан қалмай, жаман сөзге ілікпей, тәрбиелі ұрпақ өсіріп, мәуелі баққа айналып келеміз. Әкеміздің батагөйлігі өз алдына бөлек әңгіме өзегі боларлықтай. Өмірінің соңында облыс деңгейінде бата беруден алдына жан салмай жүрді. Сөзіміздің жаны бар екенін дәлелдеу үшін әке туралы қысқа естелігімізді жарықтықтың бір батасымен түйіндегенді дұрыс көріп отырмын. Ал онда қол жайыңыз, қадірлі оқырман! «Е, Құдайым, оңдасын, еш жамандық болмасын. Қызыр ата жолдас боп, Қырық шілтен қолдасын. Шақырғанда шартарап, ақ жолдарыңа мархабат! Жүрсін дайым періштелер қанатымен қалқалап. Жаратқаннан сұрайын, жарық болсын күн, айларың. Жуымасын қастарыңа ібіліс, жын ылайым. Адал болсын серіктерің, аман болсын көліктерің. Мұқалмасын көңілдерің, жоғалмасын сенімдерің. Жиған-терген құраған таусылмасын сыбағаң. Бата бердім осылай, жарылқасын, бір Аллам!»
Қайрат САҚ, журналист, алаштанушы ғалым