Күршім ауданы – шығыстағы өзені көп, сулы, нулы өңірдің бірі. Алтайдың көз жасындай мөлдіреген Марқакөл көлі, ерке Ертіс, Қалжыр, Күршім өзендері – осы ауданның аумағында. Алайда күршімдіктер судың ортасында отырып, суға жарымай отырғанына қапалы. Аудандағы егіс алқаптары биыл тағы да сусыз қалды. Қауын-қарбыз бен басқа да майлы дақылдар егіп, күн көруге дағдыланған ауыл тұрғындарының көңілдері күпті. «Биыл тағы да» деп астын сыза айтып отырғанымыз, былтыр көктемде Күршім өзеніндегі Мойнақ бөгеті жырылып, шаруалардың еткен еңбегі мен төккен тері далаға кеткен еді. Сол кезде Бірлік, Сарыөлең, Барақ батыр ауылдары сусыз қалған. «Егістікті суару үшін Күршім өзенінен жырып әкеліп, су қоймасын салған болатын. Бөгет жарылғаннан кейін Күршім өзені өз арнасына түсіп, алқапқа су шықпай қалды. Мұнда егін суаратын су жоқ, егістік егуден қорқып отырмыз. Былтыр алқаптың бәрі қурап қалды. Көп зиян шектік. Ала жаздай арнада қалған азғана суға таласып, шаруа қожалықтары арасында жанжал шықты», – дейді шаруашылық жетекшісі Ержан Қойлыбаев. Күршім ауданында «Мойнақ» және «Жауғашты» деп аталатын екі су бөгеті бар. «Мойнақ» қазір иесіз көрінеді. «Жауғашты» 2016 жылы «Қазсушар» мекемесінің қарамағына алыныпты. Тұрғындардың айтуынша, қарамағына алынды деген аты ғана. Су арнасы жылдан-жылға тозып барады. Ауылдағы суға сусаған ағайынның сөзінен түйгеніміз, «Мойнақ» бөгетіндегі су көмейден «Жауғашты» арнасына түседі. Ал ортадағы сүзгі кептелген қоқыстың кесірінен жабық тұр. Көмейден бөлініп шыққан су 25 шақырым болатын «Жауғашты» арнасы арқылы етектегі елдің егініне жетуі тиіс. Бірақ соңғы 15-20 жылда бірде-бір рет тазаланбаған екен. «Кеңес өкіметі кезінде су каналдың бетімен-бет болып ағып, ел-жұрттың егістігі, бау-бақшасы жайқалып тұрушы еді. Сол уақыттан бері жөндеу көрмеген бұл тоғанның әбден тозығы жетті. «Елу жылда ел жаңа» дегендей, бөгенді бір жаңартудың уақыты келіп-ақ тұр. Келешекте өзеннің арнасын бұрып, сол арнадан су шығаратындай бөген жасау керек. Ол іске гидротехник инженерлер кіріссе, жөн болар еді. Ынта болса, қазірдің өзінде жұмысты бастай беруге болады. Тасқын су өз алдына ағады. Сөйтіп, керек суды бөгеннен реттеп алуға болады. Сонда ғана бұл мәселе біржола шешіледі», – дейді осы тоғанда 30-40 жыл гидротехник болып қызмет еткен Әділхан Тұрсынханов ақсақал. Ауыл тұрғындары былтыр су қоймасының жарылғанына «Қазсушар» мекемесін кінәлаған еді. Олардың сөзіне сенсек, мекеменің аудандық бөлімінде бір адам ғана жұмыс істейді. «Салғырттық емей немене? «Қазсушар» мекемесінің аудандық бөлімінде жұмысшы мен техника күші жетпейтін сияқты. Бір адам ғана жұмыс істейді. Яғни, осы жердің басшысы да, жұмысшысы да бір адам. Бөгет жарылғаннан кейін ғана қосымша бір техника мен екі жұмысшы жұмылдырылды. Екінші бір өзекті мәселе, былтырға дейін 1 гектар жерді суаруға 900 теңге шамасында ақы төлеп келдік. Баға 2 355 теңгеге бір-ақ өсті. Сонда олар бағаны неге сүйеніп өсіріп отыр? Тіпті, халықпен ақылдасқан да жоқ. Төлеген ақымызға қарай суды қажетті мөлшерде алмадық», – дейді Ержан Қойлыбаев. «Қазсушар» кәсіпорны жергілікті жұртты толғандырған мәселеден хабардар екен. Түйткілдің түйінін тарқату үшін канал республикалық меншікке өтуі керек. «Барлық мәселені біліп отырмыз. «Жауғашты» каналын Күршім ауданы әкімдігі қабылдаған соң бізге, яғни республиканың меншігіне тапсырады. Тапсырылған соң барып жобалық-сметалық құжатты дайындап, қайта жаңғырту үшін бюджеттен ақша сұраймыз», – дейді «Қазсушар» РМК облыстық филиалының директоры Нұржан Әміржанов. Өңірде «Жауғашты» секілді тозығы жеткен су қоймалары аз емес. Мәжіліс депутаттары Еділ Жаңбыршин мен Ерлан Саиров жақында Күршім ауданындағы Жауғашты, Тарбағатай ауданындағы «Қандысу», «Қарғыба», Зайсан ауданындағы «Үйдене» су қоймаларының жағдайын өз көздерімен көріп қайтты. Депутаттардың айтуынша, Күршімдегі «Жауғашты» су арнасы мен Тарбағатайдағы «Қарғыба» су торабында түйткілді мәселелер бар. Суармалы жерлерді суландыруға арналған «Қарғыба» су торабына күрделі жөндеу жұмыстары басталғанымен, аяқталмай қалған. Құрылыс-монтаж жұмыстарын толық аяқтау үшін 420 миллион теңгедей қаражат керек. Ал Күршімдегі «Жауғашты» су арнасына Күршім өзенінен судың аз келу қаупі бар. Бұл бес елді мекеннің ауыл шаруашылығына, тұрмыс-тіршілігіне кері әсер етуі мүмкін. «Сол жерде мәселені шешу жолдары талқыланып, бөгетті жөндеу жұмыстары тамыз айларында өзен деңгейі түскен кезде жүргізілетін болды. Жалпы, парламенттік тыңдауларға дайындық кезінде тек материалдарды зерделеумен қатар, нысандардың жұмыстарымен барып танысу мәселелерді жан-жақты анықтауға мүмкіндік береді», – дейді Еділ Жаңбыршин. Ал Тарбағатай ауданындағы «Қандысу» су қоймасын жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжат әзірлеу қажет. Оған республикалық бюджеттен 58 миллион теңге керек.
Шығыс Қазақстан облысы