Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Шет ауданы мен Теміртау қаласында жұмыс сапарымен болып, өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Ауданды қандай өзгерістер күтіп тұр?
Шет ауданында тұрғындардың сапалы ауызсуға қол жеткізуі бойынша жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады. Айта кету керек, Бұрма ауылындағы су құбыры желісін қайта құру жұмыстары жүргізілсе, Ақсу, Қызылқой, Қызылтау, Ақбауыр, Еңбекшіл ауылдарын сумен жабдықтау және Ақсу-Аюлыда орталықтандырылған кәріз құрылысы бойынша жобалар дайындалып жатыр. Шет ауданының тұрғындарымен кездескен облыс әкімі ауыл тұрғындарын қандай мәселелер толғандыратынын білді. Жедел әрекет ету үшін кездесуге мемлекеттік қызмет өкілдері қатысты. Ашық микрофон түрінде өткен жиында тұрғындар өзекті сұрақтарын қойды. Ауыл тұрғындары электр энергиясының жиі өшіп қалуына, орталықтандырылған сумен жабдықтаудың және қалыпты интернеттің болмауына, жолдардың нашарлығына шағымданды. Ауданда «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша жолдарды абаттандыру және жөндеу жұмыстары жалғасады. Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаровтың айтуынша, биыл Ақжалдағы 19 ауылішілік жолға орташа жөндеу және асфальттау жүргізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар биліктің басты міндеттерінің бірі – тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету. Аудан бойынша 2021 жылы 9 мың шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Биылғы құрылыс қарқыны одан кем болмайды деп жоспарланған. Атап айтқанда, Ақадыр кентінде 12 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысын аяқтап, пайдалануға беріледі. Ауданда кәсіпкерлік, білім және денсаулық сақтау салаларына көңіл бөлініп жатыр. «Бизнестің Жол картасы» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері ауданда 13 жоба жүзеге асып, 119 жаңа жұмыс орны ашылды. Өткен жылы Киікті ауылында 150 орындық жаңа мектеп салынды. Сол кезде Әлімхан Ермеков атындағы мектеп жанындағы спортзалдың құрылысы басталды.Инженерлік желіге баса назар аударылады
Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің халықпен кездесуінде Теміртаудың одан әрі дамуы талқыланды. Қала тұрғындарына жоспарлар туралы айтып қана қоймай, барлық өзекті сұрақтарға ашық диалог түрінде жауап берді. Тұрғындарды бірінші кезекте ТКШ, газдандыру, жолдарды жөндеу және аула аумақтарын абаттандыру алаңдатты. Биыл Теміртау қаласында инженерлік желілерге баса назар аударылады. №2 және 3 жылу магистральдарға күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Мичурин көшесіндегі суағарды жөндеу жұмыстары басталады, ол 40 мыңнан астам тұрғынды сумен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар Ақтау кенті мен Соцгород су құбыры желілерін қайта жаңарту қарастырылған. Теміртау әкімі Қайрат Бегімовтің айтуынша, ЖЭО-2 жетінші қазандығының құрылысы жалғасып, оны 2023 жылдың ортасында пайдалануға бермек. Теміртауды газдандыру жұмыстары да қолға алынған. Бүгінде 572 абонент орталық газға қосылу үшін техникалық мүмкіндік алды. Биыл бір мезгілде үш іске қосу кешенінің құрылысы басталады. Қалада тұрғын үй құрылысының да көлемі ұлғайған. Жоспар бойынша биыл 4 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі. Кезекте тұрған 200-ден астам адам пәтер алады. Сондай-ақ кезектілік тәртібімен жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелері бөлінетін болады. ЖТҚ-ға арналған алаңдар электр және су желілерімен қамтамасыз етіледі. Балаларға арналып Теміртау қаласы мен Ақтау кентінің 50 ауласында ойын алаңы орнатылады. Сонымен бірге жиында қала тұрғындары мердігерлердің сапасыз жұмысына шағымданды. Аймақ басшысы қала әкіміне сан қумай, сапаны бақылауды күшейтуге кеңес берді. Автомобиль жолдарының жағдайы да халықтың наразылығын тудырады. – Жақында бюджетті нақтылауда жолдарды жөндеуге 2,2 млрд теңге сомасында қаражат бөлінді. Бұл ақшаға қала жолдары мен Ақтау кенті ретке келтіріледі, – деді Қайрат Бегімов. 2023 жылы Металлургтер даңғылы мен Мичурин көшесіндегі жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қала ішінде соңғы төрт айда 80 рұқсат етілмеген қоқыс орны жойылды. Кездесуде айтылған мәселелердің көбі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына байланысты болды. Облыс әкімі жауаптыларға кездесулерде көтерілген мәселелерді жылы жауып қоймай, қала тұрғындарымен тығыз байланыста шешуді тапсырды.Қарағанды облысы