Кеше «AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бибігүл Аққожинаның төрағалығымен Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдумды қолдау үшін облыстық партиялық штабтың алғашқы жиыны өтті. Жиынға облыстық мәслихаттың депутаттары мен зиялы қауым өкілдері, жастар қанаты мен партия қызметкерлері қатысты. «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға түзетулер енгізу бойынша республикалық референдум өткізуді ұсынды. Бұл – Екінші Республиканың саяси іргетасы. Президенттің осы тарихи шешімдері – Жаңа әрі Әділетті Қазақстан құру жолында жасалған ірі қадам. Мұның барлығы саяси бәсекелестікті күшейтуге жол ашып, Қазақстан азаматтарына жаңа әрі тең мүмкіндіктер береді. Конституцияны жалпыхалықтық дауыс беру арқылы өзгерту – «Мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі – халық» деген принциптің іс жүзінде орындалуының айғағы. «AMANAT» партиясы конституциялық реформаның маңызын терең түсіне отырып, алдағы референдумды өткізуді толық қолдайды!», – деді атқарушы хатшы Б.Бүркітқызы. Саяси ұйым реформа өткізуге байланысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстары мен іс-шараларды ұйымдастыру үшін республикалық және 17 өңірлік штаб құрды. Бұл жұмысқа Парламент пен мәслихаттардағы фракция депутаттары, зиялы қауым өкілдері, мәдениет пен спорт қайраткерлері, жастар қанаты мен өңірлердегі филиалдар атсалысады. Партия мүшелері өңірлерде және шалғай елді мекендерде сайлаушылармен кездеседі.