Көкшетаудағы дүкендердің біріне жарылғыш зат қойылды деп хабарлаған адам іздестіріліп жатыр. «Сауда орнында жарылғыш зат бар» деген хабарламадан соң осы маңдағы адамдар эвакуацияланды. Ақмола облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жарылғаш зат туралы 6 мамыр күні ер адам хабарласып, айтқан. «Айтылған жерге дереу полиция қызметкерлері, ҰҚК, прокуратура, ТЖД қызметкерлі барып, дүкен орналасқан көп қабатты үйдің тұрғындарын эвакуациялады.Тексеру шаралары барысында күдікті жарылғыш заттар табылған жоқ. Аталған дерек Қылмыстық кодекстің 273-бабы «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған мәлімет тарату» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді», - деді ведомстводан. Қазіргі кезде, белгісіз адамның жеке басы анықталуда, ол жарылғыш зат туралы жасырын түрде хабарлаған.