Киберспорт – миллиондаған аудиториясы бар, коммерциялық тұрғыда әлеуетті спорт түрі. Киберспортпен кәсіби айналысатындар оны ақыл-ой мен ұшқырлықтың ойыны деп атайды. Тіпті, киберспорт биыл Қытайда өтетін жазғы Азия ойындарының негізгі бағдарламасына енгізілген. Ендеше киберспорттан келер пайда қандай? Қазақстандағы киберспорт қалай дамып келеді? Халықаралық Олимпиада комитеті киберспортты басты додасының бағдарламасына енгізе отырып, жастардың Олимпиадаға деген қызығушылығын арттыруды көздейді. Спорттың бұл түрі Олимпия ойындарындағы ат спорты немесе керлингке қарағанда едәуір танымал. Статистика бойынша, киберспорттың дүниежүзі бойынша 400 миллионнан астам жанкүйері бар екен, олардың 201 миллионы бос уақытында қызығушылық танытса, 253 миллион көрермен тұрақты қарайды. Сарапшылардың болжамына сүйенсек, бұл көрсеткіш екі жылдан кейін 600 миллионнан асатын көрінеді. Бейнеойындарды тамашалайтын жанкүйерлердің 60 пайызынан астамы – 18-35 жас аралығында. Көп адам киберспорт деп атайтын бейнеойындар шынайы спорт бола алмайды деп есептейді. Бірақ кәсіпқой лига сияқты жасалған онлайн ойындар стадионды толтыра алатын заманауи спортпен тең дәрежеде бәсекеге түсе алады. Мәселен, орта есеппен алғанда әлемде 200-ге жуық теннисші ғана ірі турнирлерге қатысу арқылы табыс табуы мүмкін. Ал небәрі 5 адамнан құралған командалар Fantasy League (киберспорт бәсекелерінің бірі) жарысына қатыса отырып, мыңнан аса адам әжептәуір пайдаға кенеледі. Аталған лиганың финалын 44 миллионға жуық жанкүйер тамашалайды. Қазақ киберспорт федерациясының PR директоры Батырхан Тоғайбаевтың айтуынша киберспорт та заманауи спорт сияқты кәсібилік пен жылдамдықты талап етеді. Кәсіпқой ойыншы секундына бес түрлі әрекетті жасап үлгеруі керек. Сонымен қатар бейнеойындар ат спортына қарағанда арзан әрі шұғылдану оңай. – Киберспорт ойынын екі топқа бөліп қарастыруға болады. Біріншісі командалық ойын. Психологияда мұндай адамдарды экстраверттер деп атайды. Осы тұста олар өздерін топтың бір бөлігі ретінде сезіну арқылы бойында рух пен сенімділік пайда болады. Екінші киберспорттың түрі бір адамның қатысуымен ғана ойналады. Ойынның бұл түрін әдетте интроверттер таңдайды. Жеңістері мен сәтсіздіктері үшін өздері жауапты болуға дайын адамдар. Ал, басқа спорт түрінен ерекшелігі осы саламен айналысатындардың жоғары табыс табуға мүмкіндігі бар, – дейді Батырхан Тоғайбаев. Қазақстанда қалай дамыған? Киберспорт Қазақстанда ресми спорт түрі ретінде 2018 жылдың жазында мойындалды. Содан бері киберспорт индустриясы қарқынды дамып келеді. Жалпы, осы уақыт ішінде Қазақстан киберспорт федерациясы 15-тен астам бағыт бойынша әртүрлі деңгейдегі 435-тен астам турнир ұйымдастырды. – Соңғы жылдары халықаралық аренада қазақстандық спортшылар айтарлықтай жетістіктерге жетті. Ең үлкен жетістік 2017 жылы өткен «На мажоре» жарысында Абай Hobbit Хасенов, Рүстем mou Телепов және Дәурен Adren Қыстаубаев есімді жігіттер Gambit Esports ресейлік ұйымының құрамындағы әлемнің үздік командаларын жеңіп шықты. Қазақстан ұжымы PUBG Mobile бойынша әлем чемпионатында Топ-6 командалардың қатарына кірді, – деді Батырхан Тоғайбаев. Дегенмен саланың өсуінің маңызды көрсеткіштерінің бірі – киберспорт бағыты бойынша білім беру. Өйткені бұл нарық жаңа мамандарды қалыптастыруды талап етеді. Соған орай, былтырдан бастап киберспорт чемпиондары мен киберспорт индустриясының көшбасшыларын оқытуға арналған eSportsHUB Esports Academy жобасы іске қосылды. – Біз киберспорттан табыс табу үшін сондай компьютерлік ойындарды өзіміз ойлап табуымыз керек. Жастардың ойнайтын ойындарының барлығы шетелдік өнім. Сонымен қатар киберспортпен айналысатын елдің интернеті де жоғары дәрежеде болуы керек, – дейді экономист Азамат Көпжанов. Келер пайдасынан кеселі көп Қазір киберспортты жазғы Олимпиада ойындарына енгізу жайлы түрлі пікірталастар жүріп жатыр. Қоғамның бір бөлігі экономиканың дамуы үшін киберспортты мойындаса, екнші тарап киберспортты зорлық-зомбылыққа, әскери ұрысқа және тағы басқа арам пиғылға итермелейді дейді. Психолог Ержан Мырзабаевтың пікірінше киберспортты Олимпиа ойындарына енгізу дұрыс емес. Өйткені компьютерлік ойынның артында әлемдік ірі ойын компанияларының тұруы әбден мүмкін. – Аты киберспорт болғанымен, мұның компьютерлік ойыннан еш айырмашылығы жоқ. Кәсіби киберспортшылар белгілі бір уақыт аралығында ғана бұл спортпен айналысса да олардың бойында ойынға тәуелділік пайда болады. Ал әуесқой киберспортшылар ойын арқылы тез ақша тауып байысам деп денсаулығын құртады. Психологиялық тұрғыда ұзақ уақыт компьютерлік ойындарды ойнау виртуалды әлем мен шынайы өмірдің арасындағы айырмашылықты түсінбеуге, ойындағы жағдайларды шынайы өмір екен деп қабылдауға әкеледі,– дейді психолог Ержан Мырзабаев. Медицинада ойынқұмарлық дертін дәрігерлер «лудомания» деп атайды. Дертке шалдыққан адам шынайы өмірден алыстап, физиологиялық тұрғыда әлсірей береді. Бұл тұста спорт психологтары екі негізден тұратын қарапайым күн тәртібін бекітуді ұсынады. Яғни, киберспортқа қызығушы адам дайындық кезінде компьютер алдында 7 сағаттан артық отырмауы тиіс және физикалық тұрғыдан белсенді жаттығулар істегені жөн. Ең бастысы, ойын кезінде эмоцияға қатты берілмей, күйзеліске ұрынбау қажет. Қанша жерден киберспорттың зияны мен кеселін алға тартсақ та, қазіргі нарық оны әлдеқашан спорт ретінде мойындап қойған. Осы қарқынмен дами берсе, 2024 жылы Париждегі жазғы Олимпиада ойындарынан киберспортты тамашалауымыз әбден мүмкін. Ендеше мектеп оқушылары Мессидей футболшы, Бекзаттай боксшы боламын деп емес, киберспортшы боламын дейтін күн алыс емес.