Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 4 мамырда Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарын құру туралы Жарлыққа қол қойды. Енді Алаштың рухани астанасы саналатын Семей қаласы Абай облысының орталығы болады. Облыс мәртебесінен айырылған 25 жылда тарихи шаһардың тоз-тозы шығып кеткені белгілі. «Қазір ол жақта шешімін таппаған түйткілдер аз емес. Мысалы, аймақтың ішкі инфрақұрылымы әбден тозған. Кезінде Алаш арыстарының басын қосқан Семей қаласының жағдайы да мәз емес. Біз тарихи әділдікті орнатып, ұлыларымыз дүниеге келген киелі өлкені қайта жаңғыртуға тиіспіз» деп мұны 16 наурыздағы Жолдауында Президенттің өзі де шегелеп айтқан болатын. Әуелі экономика Сонымен, облыс орталығы болуға әзірленіп жатқан Семей шаһарында бірінші кезекте қандай шаруалар қолға алынуы қажет? Киелі өлкені қайта жаңғырту үшін қайтпек керек? Жасыратыны жоқ, «Абай облысы құрылады» деген сүйінші хабар тарағанда «Облыстың экономикасы қалай болар екен? Өскемен секілді ірі зауыттар да жоқ. Дотациялы өңір болып қалмай ма?» деген сұрақтардың қоса қойылғаны да рас. Десек те, семейліктердің күдігінен үміті басым. Қаладағы зиялы қауым, бизнес өкілдері мен қоғам қайраткерлерінің пікірінше, Семей өңірін серпілту үшін әуелі экономикаға мән беру қажет. Олардың ойынша, жаңадан құрылатын Абай облысының Үржар ауданындағы Алакөл, Аягөз ауданындағы Ақтоғай кен байыту кешені, Жарма ауданындағы Бақыршық алтын кен орны, Бородулиха ауданындағы Жезкент тау-кен байыту комбинаты аймақ экономикасын ақсатпауға тиіс. Екі шақырылымда Семей қалалық мәслихатының депутаты болған, мәслихат хатшысы қызметін атқарған Қайрат Мирашев бұлармен ғана шектелуге болмайтынын айтады. «Сөз жоқ, бұл кәсіпорындардан өңір бюджетіне қомақты қаражат түседі. Десек те, біз облыс аумағында орналасса да, басқа өңірге салық төлеп отырған «Қара жыра» секілді кәсіпорындарды да естен шығармай, есепке алғанымыз жөн. Еліміздегі ірі көмір өндіру орындарының бірі саналатын «Қара жыра» өндіріс қуатын жылдан-жылға ұлғайтып келеді. Бірақ олардың есепшоты Балқашта тұр. Сол жаққа тіркелген. Неге олай? Біздің облыста жұмыс істейді. Ақшасы басқа жаққа кетеді. Біздің аумақта болғандықтан, салықты бізге төлеуі керек қой. Неге Семейден кеңсе ашып қоймайды? Облыс орталығы құрылған бетте бірінші кезекте қолға алатын мәселелердің бірі – осы» деген ол қаланың іргесіндегі «Бұлақ» су электр стансасын қайта қолға алып, жаңғыртса, өңірді дамытуға септігі тиетінін алға тартты. «Бұлақ» СЭС-сін салу 1980 жылдардың соңында жоспарда болғанымен, кейін аяқсыз қалған екен. Егер салынар болса, біріншіден, қосымша электр энергиясы, екіншіден, «Шүлбі» су электр стансасының жұмыс жүктемесін жеңілдетеді. Семейді бес саусағындай білетін, Семей өз алдына облыс болғанда жауапты қызметтерді атқарған Қайрат Мирашев Семейдің өз басын дамытуға қатысты да ойын ортаға салды. «Президенттің өзі де айтқандай, аймақтың ішкі инфрақұрылымы әбден тозғаны рас. Семейде 16 жылу қазандығы бар. Құрылғылары ескірген, шығыны көп. Мемлекет жыл сайын оларды жөндеуге қаншама миллиард қаржы бөледі. Бұл – тиімсіз. Қала жылдан-жылға ұлғайып келеді. Жаңа үйлер салынып жатыр. Сондықтан қалаға жаңа, үшінші жылу электр орталығы салынуы қажет. Бұл мәселе көптен бері айтылып жүр. Алайда облыс басшылығы мұны ескерусіз қалдырып келеді», – дейді бұрынғы мәслихат хатшысы. Орайы келгенде айта кетейік, осыдан бірнеше жыл бұрын түрік инвесторлары Семейде жылу электр орталығын салып беруге ынта білдірген болатын. «Түрік инвесторлары бұл жобаға 1,3 миллион АҚШ долларын салуды жоспарлаған еді. Осы мақсатта Unit Energy Investment ЖШС деген қазақстандық фирма ашылды. Инвестиция және даму министрлігі мен компания арасындағы 2016 жылғы желтоқсандағы инвестициялық келісімге сәйкес жоба 2020 жылы жүзеге асуы тиіс болған. Инвестор тек жылу орталығы салынатын жер учаскесін ғана сұраған еді. Алайда семейлік шенеуніктер «бұл аумақтан тарихи ескерткіштер табылды» деген желеумен жер учаскесін беруден бас тартты» деген еді компания өкілі Олжас Есенғарин. Семейдегі жылу қазандықтары көмірді пайдаланады. Оның қоршаған ортаға зияны айтпаса да түсінікті. Сондықтан Қайрат Мирашев қаланы газға көшіретін кездің жеткенін айтады. «Газ барлық жағынан тиімді. Көмірден гөрі бағасы да арзан. Экологияға тигізер зардабы да жоқ. Семейге газ келсе, жылу орталықтарына да, кәсіпорындарға да, тұрғын үйлерге де қосуға болады. Ресейдің Рубцовск қаласы бізге тиіп тұр. Оларда газ көп. Әуелі Семейге жеткізіп, кейін Қалбатау арқылы Өскеменді де қосуға мүмкіндік бар. Тағы бір дүниені айтайын, Мейрамхат Айнабеков Семейдің әкімі болған кезде жапондар салып берген аспалы көпірді қарайтын, күтіп-ұстайтын арнайы мекеме ашқан болатынбыз. Кейін қала бюджетінде қаражат тапшы болған соң көпір облыс қарамағына берілді де қараусыз қалды. Абай облысы құрылса, осы дүниелерді қолға алу керек. Бізге біркүндік, біржылдық емес, кешенді, жүйелі жұмыстар қажет», – дейді бұрынғы депутат. Жаңа облысқа жаңа заң керек Абай облысы құрылса, қолға алатын маңызды шаруаның бірі – 1992 жылы шыққан «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заңды қайта қарау. Семейліктер бұл заңның ескіргенін, заман талабына сай жаңа заң қажетін көптен бері айтып келеді. Осы орайда қаладағы қоғам белсенділері, ғалымдар, бизнес пен мәдениет өкілдері «Полигон 21» деп аталатын қоғамдық комитет құрыпты. «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың сәуір айында Семейге келген сапарында полигон зардабын тартқан азаматтарға жасалатын жеңілдік лайықты деңгейде болуы қажет екенін айтып, Үкіметке полигон аумағындағы халыққа берілетін әлеуметтік көмектің мөлшері жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырған еді. Алайда жабулы қазан жабулы күйінде қалды. 40 жыл радиацияның уытын жұтқан Семей халқы әлі де лайықты қолдауды сезіне алмай келеді. Қазақстанның Конституциясын басшылыққа ала отырып, жаңадан құрылатын Абай облысында полигонға қатысты кешенді іс-шаралар әзірлеу үшін арнайы Үкіметтік комиссия құруды ұсынып отырмыз. Ол комиссияның құрамына жергілікті мемлекеттік органдардың, бизнес, ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет пен азаматтық қоғам өкілдері, осы өңірдің мәселелерін бүге-шігесіне дейін білетін азаматтар кіруі тиіс. Сонымен қатар халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, өңірдің тұрақты экономикалық дамуы, ғылым мен денсаулық сақтаудың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, толыққанды әлеуметтік қорғау мақсатында «Семей ядролық полигоны» туралы 1992 жылы қабылданған заңның күшін жойып, жаңа заң әзірлеу қажет. Жаңа заңда полигон аймағында тұрған әйелдерді 60 жастан зейнеткерлікке шығару сияқты өзекті мәселелер қарастырылуы керек», – дейді «Полигон 21» қоғамдық комитетінің мүшесі, «Абыралы-Дегелең» қорының президенті Марат Құрманбай. «Шәкәрім-град» салынса Әрине, дәл қазіргі сәтте жаңадан құрылатын облыстың экономикасын көтеру, инфрақұрылымын жаңғырту күн тәртібінде тұрғанымен, Семейдің руханият ордасы, кешегі Алаш ардақтыларының табаны тиген, Алашорданың астанасы болған қастерлі мекен екенін естен шығармаған ләзім. Әр қаланың өз ерекшелігі, өз артықшылығы бар. «Семейдің ауызсуы өте таза. Краннан су ішетін жалғыз қала Семей шығар. Семейде үлкен өзен бар. Табиғаты әртарапты. Дәл Семейдегідей үлкен арал көп қалада жоқ. «Түйе мойнақ» аралын қала жұртшылығы, сырттан келген қонақтар тынығатын демалыс орнына айналдыруға болады. Аралды қолынан іс келетін азаматтарға жалға берсе, жайнатып жібереді деп ойлаймын. Аралда биологиялық орталық бар. Осындай мүмкіндіктерді пайдаланып, неге аралды шаһардың көрікті орындарының біріне айналдырмасқа?», – дейді Семейдегі Шәкәрім университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков. Қаладағы іргелі оқу орнының басшысы «Абай облысы ашылады» деген сүйінші жаңалыққа елмен қатар құр қуанып қана қоймай, өз тарапынан бірнеше ұсыныс дайындап қойыпты. «Аз жылда Түркістан қалай түледі? Сондай қаржы Семейге де бөлінсе жақсы болар еді. Алматыда «КазГУград» қалашығы бар. Студенттерге барлық жағдай жасалған. Біздің Шәкәрім университеті 4 оқу орнынан құрылған. 25-ке жуық үлкенді-кішілі ғимарат бар. Бірақ жан-жақта шашылып жатыр. Қаланың шетінен жатақханалары, спорт кешендері, заманауи ғимараттары бар «Шәкәрім- град» салынса, қандай керемет болар еді. Қазір Абай облысын құру үшін ғимараттар қажет болып жатыр ғой. Егер «Шәкәрім-град» қалашығы салынар болса, оқу ғимараттарының барлығын облысқа берер едік. Тағы бір ұсыныс, облыс ашылған кезде жаңа мамандықтар бойынша карта жасау керек деп ойлаймын. Болашақта жаңа облыста қандай өндіріс ошақтары ашылады? Бұрынғы өндіріс орындары одан әрі кеңейтіле ме? Бұрынғы жібек тоқитын фабрика, кабель, цемент зауыттары қайта жандана ма? Әлде ауыл шаруашылығына басымдық беріле ме? Біз облыстың сұранысына бейімделіп, маман дайындауымыз керек», – дейді ректор.
Шығыс Қазақстан облысы