Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жалпыхалықтық референдумның маңызы мен мәнін түсіндіру мақсатында Шығыс Қазақстан облысында мәслихат депутаттарымен кездесті. – Мемлекет басшысы суперпрезиденттік республикадан қуатты Парламенті бар президенттік республикаға көшу туралы айтты. Сонымен бірге Жолдауды жүзеге асыру аясында Конституцияның 33 бабына өзгеріс енгізу және 20-дан астам заңды қабылдау ескерілген. Яғни, елдің құқықтық жүйесінің басым көпшілігі өзгеріске ұшырайды және азаматтар ол туралы білуі керек. Бұл азаматтардың игілігі үшін жасалып жатқандықтан, қоғам белсенділік танытуы тиіс, – деді Ерлан Саиров. Жиын барысында облыстық және қалалық мәслихаттар-дың депутаттары да ұсыныстарын айтты.