Университеттердің ынтымақтастығы нығаймақ

Университеттердің ынтымақтастығы нығаймақ

Кеше Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Орталық Азия елдері ректорларының Бірінші халықаралық форумы өтті. Халықаралық іс-шараға Тәжікстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғыз елдерінен білім, ғылым саласы министрліктерінің өкілдері мен ЖОО ректорларынан құралған делегациялар қатысты. Форумның ашылу салтанатында сөз сөйлеген еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов барлық қатысушы мен қонақтарға жылы лебізін білдірді. Министр өз сөзінде Орталық Азия ЖОО-лар арасында білім мен ғылымды дамы­туға басымдық беріп, озық бағыттар бойынша сапалы зерттеулер жүргізу қажетін айтып өтті. Сондай-ақ ол жаңа ғылыми инновацияларды ен­гізу­ге байланысты қарым-қатынас­тарды нығайтуды алға тартты. Министр Қазақстанның жоғары білім беруді дамытудағы жетістік­теріне тоқтала келе, Қазақстанның 14 ЖОО әлемдік рейтингтердің қатарында екенін атап өтті. Оның сөзінше, еліміз Болон процесінің белсенді қатысушысы. Қазақстандық ЖОО-ларда жұмыс берушілердің сұра­нысы­на жауап беру мақсатында универ­ситеттер тарапынан әзірленіп жатқан білім беру бағдарламаларының тізілімі айтарлық­тай кеңейтілді. Бұл жоғары білімнің прак­тикалық бағыт­тылығына оң әсерін тигізеді. Білім министрі сондай-ақ Орта­лық Азия өңірі (ОА) елдерінің 150 студенті үшін «Әл-Фараби» маман­дығы мен бағдарламасын даярлап, сондай-ақ PhD бағдарламалары бойынша гранттар бөлу жоспары бар екенін айтып өтті. «Менің ойымша, бүгінде Орта­лық Азия студенттерінің Біріккен Одағын құру мәселесі аса өзекті және форум бары­сында осы және басқа да бірқатар бастама бойынша пікір алмасудың тамаша мүмкін­діктері болады», – деген сенім білдірді министр. «Орталық Азия ректорларының Бірінші форумына қатысушылардың бүгінгі құрамы оның ойдағыдай өткенін айғақтайды. Бұл формат университетаралық байланыс алаңы ретінде сұранысқа ие болатынына сенімдіміз», – деді өз сөзінде Өзбекстан Республикасы Жоғары және орта арнаулы білім министрінің бірінші орынбасары Комилжон Каримов. Спикердің айтуынша, мұндай іс-шара­лар, соның ішінде 2020 жылы өткен Орта­лық Азия елдері білім министрлерінің кон­ференциясы сияқты өзара тиімді ық­пал­дастық орнатуға мүмкіндік беретін ха­лық­аралық, өңіраралық және универ­ситетаралық байланысты жандан­дыруға серпін береді. Қазір Өзбек­стан­да жоғары білім беру саласында жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалар туралы айта келіп, Каримов мырза форум ұйымдастыру­шыларына риза­шылығын білдіріп, шара­ның жемісті болатынына сенім білдірді. Форум барысында сөз алған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бас­қар­ма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев Орталық Азиядағы ғылы­ми ұйымдар мен универ­ситеттер арасындағы ынтымақтастықты кеңей­ту және озық тәжірибе алмасу­дың маңыздылығын және бүгінгі форумдағы диалогтің болашақ ұрпақ­тың экономикалық тұрақтылығы мен өмір сүру сапасына қос­қан зор үлес болатынын атап өтті. «Күні кеше ғана Түркияның Ыстанбұл қаласында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филиалын аштық. ҚазҰУ Орталық Азия университеттерімен тығыз байланыс орнатып, ынтымақтастық туралы 30-ға жуық келісімге қол қойған. Сонымен қатар биылғы жылдың 26 мамырында Қазақстан Президентінің Қырғыз Республикасына сапары аясында Бішкек қаласында уни­верситетіміздің филиалын ашу жос­пар­­ланып отыр», – деді Ж.Түймебаев. Кеңейтіл­ген пленарлық отырыста Қырғыз Республикасы Білім және ғылым министрі­нің орынбасары Расул Абазбек уулу, Тәжік ұлттық университетінің ректоры Хушвахт­зода Хушвахт және тағы басқалар баяндама жасады. Халықаралық шара аясында «Жаһандық бәсекеге қабілеттілік, ЖОО ұжымы мен студенттерінің ұтқырлығы» және «Жоғары оқу орындарының цифрлық трансфор­мациясы және Орталық Азия елдері зерттеу кеңістігінің интеграциясы» тақырыбында сессиялар өтті. Ол жерде орталықазиялық жоғары оқу орындарының өкілдері өз ұйымдары негізінде екі ел үшін бірлескен зерттеулер қалай жүргізілетіні туралы тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың мәселелерін талқылады. Форум жұмысы­ның соңында Орта­лық Азияда орналасқан 19 ЖОО-лар арасында екіжақты маңызды бағдар­ламалық құжаттар мен келісімдерге қол қойылады.

Алматы