Арал ауданына қарасты Сексеуіл кентінде осыдан үш жыл бұрын іргесі қаланған аурухана ғимаратының құрылысы аяқсыз қалды. Себебі құрылысқа бөлінген қыруар қаржы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен. Соның салдарынан кент тұрғындары емделу үшін аудан орталығына қатынауға мәжбүр. Бүгінде 20 мыңнан астам тұрғыны бар кентте сапалы медициналық көмек алу мұңға айналған. Басы ауырып, балтыры сыздаса, 60 шақырым жердегі Арал қаласына қатынайды. Алғашында жаңа да жайлы аурухана салынатыны тұрғындарды зор қуанышқа бөлеген еді. Жол азабын тартқан сырқат жандар кенттің өзінен заман талабына сай жаңа аурухананың ашылатын сәтін асыға күтті. Алайда іргетасы құйылып, төрт қабырғасы ғана қаланған ғимарат құрылысы тұралап қалды. Мердігер компания құрылыс жұмыстарын аяқсыз қалдырды. Кейіннен құрылысқа бөлінген қаржының талан-таражға түскені белгілі болды. Ал кент тұрғындары дертіне шипа іздеп аудан орталығына қатынаудан шаршағанын айтады. «Негізінен, кентке бір емдеу мекемесі ауадай қажет. Бұрынғы аурухананың тозығы жеткен. Жаңбыр жауса, төбесінен су сорғалап, онсыз да сырқаттанып жатқан жандардың денсаулығына кері әсер етеді. Ешқандай талапқа сай емес. Сондықтан заманауи ауруханада ем аламыз деп зор үмітпен қараған едік. Бірақ құрылыс жұмыстары сиырқұйымшақтанып кетті. Бүгін емхана ғимаратының төрт қабырғасы ғана тұр. Оның қашан жалғасып, пайдалануға берілетінін білмейміз. Әсіресе, аяғы ауыр әйелдерге қиын. Өйткені ауылымызда перзентхана жоқ. Аудан орталығына барып жүр», – дейді Сексеуіл кентінің кент тұрғыны Жоламан Жолдасов. Расында, бүгінде құрылыс басында өлі тыныштық орнаған. Кірпіштер бей-берекетсіз шашылып, қараусыз жатыр. Кент тұрғындарының айтуынша, аурухана құрылысын жүргізуге басқа мердігер компания тартылатын көрінеді. Сонымен қатар емдеу мекемесінен гинекология кабинеті ашылып, екі мейірбике жүкті әйелдерге емін жасайтыны айтылған. Ал Сексеуіл кентінің әкімі Сәкен Төрешов аурухана төңірегінде көптен бері түйткілдің түйіні тарқатылмай отырғанын жоққа шығармады. Қаржылық құйтырқылықтан тұралап қалған құрылыс жұмыстарын қайта жандандыру мақсатында тиісті шаралар жүргізіліп жатқанын алға тартады. «Негізінен, емхана құрылысы 2019 жылы басталған. Алғашқы жылы қажетті қаржының бір бөлігіне жұмыс жүргізілді. Алайда бертін келе құрылыс қайта тұралап қалды. Кент халқы тағатсыздана күткен құрылыс жұмыстарының аяқсыз қалуы қаралған қаржының мақсатсыз жұмсалғанынан болғаны жалпақ жұртқа мәлім. Нәтижесінде, қыруар қаржы желге ұшты. Бүгінде құрылыс жұмыстарын жалғастыру мақсатында қайта зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта емхана құрылысы толығымен аяқталып, ел игілігіне пайдалануға беріледі деп үміттенеміз», – деп түсіндірді кент әкімі. Кент әкімінің айтуынша, бүгінде халыққа ескі емхана қызмет көрсетеді. Алайда 25 төсектік бұл ғимараттың тозығы жеткен әрі халық саны жыл санап артқан өңірге ескі ғимарат таршылық еткен. Оның үстіне, гинекология сияқты медициналық мамандар жетіспеушілігі тағы бар. Сондықтан да жаңа емхана ғимаратының қажеттігі өзектілігін жоғалтпақ емес. Ал Қызылорда облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы тарапынан аурухана құрылысы жалғасын тауып, ел игілігіне пайдалануға берілетінін жеткізді. «Қазір аталмыш жобаға қайта түзету жұмыстары жүргізілуде. Сосын сараптамадан өткіземіз. Соның нәтижесінде қажетті сомасы нақтыланып, бюджеттен құрылысты аяқтау үшін қайтадан қаржы сұралады», – деп мәлімдеді бізге ведомство өкілі. Негізінен, кентте іргесі қаланған емхана 40 төсекке арналған. Облыстық бюджеттен қаржыландырылған нысанның бас мердігері – «Атамекен» ЖШС. Алғашқыда құрылыстың ұзақтығы нормативке сәйкес 21 ай деп есептелген. Сол кездері облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы қажетті қаржы уақытылы бөлінсе, жаңа емхананы 2021 жылдың соңына дейін пайдалануға беруді жоспарланған. Алайда әне-міне пайдалануға беріледі деумен үш жыл уақыт өткен. Бүгінде құрылысы толықтай тоқтаған ғимарат облыс, аудан әкімдері арнайы барып, жай-жапсарын көзбен көрген. Алайда ел игілігіне пайдалануға беру мерзімі әлі де белгісіз күйінде қалып отыр.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы