Прокуратура Бостандық ауданындағы ірі тұрғын үй кешенінің бірін салушыға қатысты сотқа жүгінді. Алматы қаласының қадағалау органы Сәтбаев көшесі 26/4 мекенжайында орналасқан Бостандық ауданында тұрғын үй кешенін салу кезінде сәулет нормаларының сақталуына талдау жүргізді. Жақын маңдағы үйлердің тұрғындары осы учаскедегі тығыздалған құрылысқа, сондай-ақ саябақтардың, әлеуметтік нысандардың және тұрақ орындарының жетіспеушілігіне наразылық білдірген болатын.
"Прокурорлар халықтың тығыздығы ескерілмегенін және нысанды салу құрылыс нормаларының шекті рұқсат етілген параметрлерінен асатынын, сондай-ақ білім берудің әлеуметтік нысандарына түсетін жүктеме ескерілмегенін анықтады", - делінген ведомство хабарламасында.Құрылыс салушы 900 орындық мектеп салуға міндеттеме алды. Сонымен қатар аталған нысанның радиусында балабақшалар мен жалпы білім беретін мектептерге 2274 орын тапшы екен, яғни мектеп салынса да 1374 орын жетіспейтіні хабарланды.
"Құрылыс нормалары мен ережелерінің басқа да заңбұзушылықтары анықталды. Осыны ескере отырып, Бостандық ауданының прокуратурасы эскиздік жобаны келісу бойынша Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының әрекетін заңсыз деп тану туралы сотқа талап арыз берді.Прокуратура шағын аудан тұрғындарының тілектері мен әлеуметтік мәселелерді ескере отырып, осы нысанның құрылыс тұжырымдамасын қайта қарау қажет деп санайды", - деді ведомство өкілдері. Осы бағытта жұмыстар жалғасатыны айтылды.