Алматы облысының Бақанас ауылында мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың ескерткіші ашылды.
Ашылу салтанатына жергілікті билік өкілдері, депутаттар, зиялы қауым өкілдері, аудан жұртшылығы қатысты, деп хабарлады Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
"Халқымыздың біртуар перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына биыл 110 жыл. Президент жарлығымен Қапшағай қаласына Қонаевтың есімі берілді. Бүгін, міне, қазақтың аяулы перзентіне үлкен құрмет көрсетіліп, еңселі ескерткіш орнатылды. Ірі тұлғалардың ерен еңбектерін үлгі етіп, ұлыларды ұлықтау – басты парызымыз. Дінмұхамед Қонаевтың бойындағы ұлтжандылық жастарға жұғысты болсын! Қазақтың дара тұлғасының ескерткіші құтты болсын!", – деген облыс әкіміҚанат Бозымбаев ескерткіш авторлары мен Халықаралық "Дінмұхамед Қонаев қорына" алғыс айтты.
Парламент сенатының депутаты Бейбіт Исабаев халық ықыласы мен көңілінен шыққан тұлғаға деген құрметті ешкім де, ешқандай күшпен тоқтата алмайтынын ерекше атап өтті.
Ал генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев "Бақанасқа Димаш Ахметұлының ескерткішін қою Балқаш халқының арманы еді, ұзақ күткен арман бүгін орындалды", - деді.
Жиын соңында Дінмұхамед Қонаев рухына құран бағышталып, ас берілді.
Жалпы ескерткіш күрті гранитінен жасалған. Тұғырының биіктігі - 2 метр, мүсінінің биіктігі - 3,30 метр, ескерткіштің тұтастай алғанда – 5,30 метр.
Мүсіннің авторы – Алтай Бейсенов, сәулетшісі – Бекзат Бейсенова. Ескерткіш демеушілер есебінен тұрғызылды.