Пара алып, атақты болып кетпеңіз. Енді жемқорлардың есімі желіде жариялануы мүмкін. Сондай-ақ пара берген адамның да аты-жөні әлеуметтік желілерде көрсетілмек. Мұндай заң жобасын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ұсынып отыр. Жаңа заң талаптары қашан қолданысқа енеді? Және мұндай жүйе жемқорларды жүгендей ала ма? Заң жобасы қашан күшіне енуі мүмкін? Жаңа заң жобасы қолдау тапса, жағдай қандай болмақ? Жемқорлардың есімі қалай жария етілетін болады? – Негізі, заң жобасына 16 бағыт бойынша өзгерістер ұсынылып отыр. Бұл –қолдау табады, әлде таппайды деп қарайтын дүние емес. Агенттік ұсынып отырған өзгерістер толықтай енгізіледі. Алайда біз халықтың пікірін біліп, бәлкім басқаша өзгерту үшін жария талқыға салып отырмыз. Жаңа өзгерістер 13 мамыр күні жарияланғандықтан, нәтижесін алдағы уақыт көрсетеді. Егер агенттік ұсыныстары ешқандай толықтырусыз қалатын болса, заң жобасы Парламентке ұсынылады. Ол жақтың қарауынан еш кедергісіз өтсе, заң жобасы 2023 жылы толықтай күшіне енеді. Әзірге бұрынғы жемқорлардың да есімі жариялана ма, әлде кейін ұсталғандардың ғана ма, ол жағы нақтыланбай тұр. Бірақ бұл жоба аяғына дейін баратыны анық, – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің бас маманы Айбек Әжібаев. Жамбылда жемқорлық фактілері қай деңгейде? Осы орайда Жамбыл облысында осы жылдың бірінші тоқсанында болған жемқорлық фактілеріне көз жүгірткен едік. Департамент мәліметінше, жыл басынан бері 118 қылмыстық іс тіркеліпті. Оның 52-ін департамент анықтаса, 28-і өзге органдардың алдынан өткен. Айыптау актісімен 15 тұлғаға қатысты 11 қылмыстық іс аяқталған. Ақталатын негіздермен 22 қылмыстық іс тоқтатылған. Қылмыстық істер шеңберінде анықталған залал сомасы 389 миллион теңгені құраса, оның 378 миллион теңгесі мемлекетке қайтарылған. Сонымен қатар 19,5 миллион теңгеге тыйым салынған. Есепті кезеңде қылмыстық істер шеңберінде мемлекеттік органдарға 17 ұсыну енгізіліп, нәтижесінде 5 лауазымды тұлға түрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Мәселен, Жуалы аудандық полиция бөліміне Қылмыстық-процестік кодекстің 200-бабының аясында қылмыс жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою туралы ұсыныс жолданған. Осылайша, Жамбыл облысының Полиция департаменті басшысының бұйрығымен қарамағындағы қызметкер пара алу түріндегі сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасағаны үшін қатаң сөгіс беруден бастап, қызметтік талаптарды толық орындамағаны туралы ескертуге дейінгі тәртіптік жауапкершілікке бірқатар шенді тартылған. Тағы бір айта кетерлігі, сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлаған екі азаматқа 367 мың теңге көлемінде сыйақы берілген.
P.S. Міне, осылайша жемқорлықпен күрес елімізде жаңаша көрініс алғалы тұр. Бұл жоба жемқорлықты қаншалықты жүгендей алатыны әзірге белгісіз. Алайда Ресей мемлекетінде осындай заң жобасы 2018 жылдан бері қолданылып келеді. Көрші мемлекетте жемқорлардың аты-жөнінен бөлек қай лауазымды қызметте ұсталғаны туралы да анық көрсетілген. Сондықтан елімізде ұсынылып отырған заң жобасы әлемдік тәжірибеде бар дүние. Егер жаңа өзгерістер барлық құзырлы ұйымнан оң қолдау тапса, онда шенділерге аяғын аңдап басуға тура келеді. Әйтпесе, аты-жөні әлеуметтік желіде жарияланып, абыройы бір-ақ күнде төгілмек.Жамбыл облысы