«Қазақстан» телерадиокорпорациясы жазушы-публицист, өнертанушы, телевизия қайраткері Камал Смайыловтың 90 жылдығына және тележурналист, жазушы, қоғам қайраткері Сағат Әшімбаевтың 75 жылдығына орай ұйымдастырылған «Жалын» телевизиялық жастар байқауының қорытындысын жариялады.
2022 жылғы 15 сәуірден бастап конкурсқа республикалық, аймақтық телеарналардан, ақпараттық агенттік журналистерінен, жоғары оқу орындарының студенттерінен түрлі жанрда 60-қа жуық шығармашылық жұмыс келіп түсті. Телерадиокорпорация тарапынан арнайы құрылған комиссия 4 үміткердің жұмысын үздік деп таныды.
«Біздің мақсатымыз – жас журналистер арасында Қазақ телевизиясының бастауында тұрған тұлғалар есімін ұлықтау және жас әріптестеріміздің шығармашылығына қолдау көрсету. Үздік деп танылған жұмыстардың негізінде Камал Смайылов пен Сағат Әшімбаев кезінде әрбір авторлық жобасында көздеген ұлттық мақсат-мүдде жатыр. Әрбірінде бір тақырып арқылы ауқымды мәселе қамтылған. Келіп түскен жұмыстарды іріктеуде техникалық және шығармашылық ізденістен бөлек, осы жайттарға мән берілді», – деді Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.Телевизиялық «Жалын» жастар конкурсы «Қазақстан» телерадиокорпорациясының бастамасымен алғаш рет ұйымдастырылып отыр.