Адам болған соң ауырмай тұрмайды. Ондайда ем алу үшін дәрігерге бару қалыпты нәрсе. Алайда сол дәрігердің көмегіне мұқтаж болуы мүмкін екеніне қарамастан, оларды балағаттап, қол жұмсайтындар көбейді. Қоғамның қит етсе, дәрігерге кінә артып шығатыны жасырын емес. Жақында Қарағандыдағы ауруханалардың бірінде науқас жігіттің дәрігерге шабуыл жасаған сәті бейнекамераға түсіп қалған. Әлеуметтік желілерде бейнебақылау камерасынан алынған видео тарап кетті. Онда науқастың дәрігерді жағынан ұрған сәті таспаланған. Жанжал Қарағанды қаласының Х.Мақажанов атындағы травматология және ортопедия облыстық орталығында болған. Видеода ер адам дәрігерді иығынан құшақтайды. Ол өз кезегінде жігіттің қолын алып тастайды. Алайда науқас бұл әрекетке ашуланып, дәрігердің бетінен ұра бастайды. Ауруханада дәрігерге шабуыл жасау фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғалды. «Аталмыш факт тіркелді. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тергеу жүріп жатыр», – деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі. Сонымен қатар бұл жағдайға қатысты Денсаулық сақтау басқармасы да мәлімдеме жасады. «16 сәуірде профессор Х.Мақажанов атындағы аурухананың жарақат пунктіне 1986 жылы туған ер адам оң жақ қол аумағындағы орташа ауырсыну мен ісінуге шағымданған. Науқастың айтуынша, ол құлап, саусағын жарақаттап алған. Тексеру нәтижесінде «оң қолының жабық сынығы» диагнозы қойылып, бекітетін таңғыш салынған. Осыдан кейін пациент сүйектің қайта жылжуына жол бермеу мақсатында жедел емдеуге жіберілді. Алайда науқас гипс қоюдан үзілді-кесілді бас тартты. Ол дөрекі мінез танытып, кезекші травматолоті жарақаттады», – деп хабарлады ведомстводан. Зардап шеккен дәрігер құқықбұзушыны кешірмейтінін айтып, заңға сай жазалануын талап етпекші. Ал мұндай жағдай бірінші рет тіркеліп отырған жоқ. Бұған дейін де бірнеше рет қайталанған болатын. Кейде бас салып, барлық кінәні медициналық қызметкерлерге арта салатынымыз да бар. Осы мәселемен хабарласқанымызда SENIM Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы бүгінде дәрігерлердің арнайы мәртебесі жоқ екенін алға тартты. Республикалық қоғамдық бірлестіктің Қарағанды облысындағы филиалы төрағасының орынбасары Сұлтан Медеубаев дәрігерлерге қарсы әрекеттердің болатынын жасырмайды. – Соңғы жылдары біздің кәсіподақ медициналық қызметкерлерге қатысты төрт жағдайда заңнамалық көмек көрсетті. Оның бәрінде біз медициналық қызметкердің мүддесін қорғауға тырыстық. Бірақ біздің медициналық қызметкеріміздің барлығы бірдей мұндай жағдай болса айтпайды, істі әрі қарай сотқа дейін жеткізуден қашады. Мәселен, №4 емхананың дәрігеріне қабылдауға келген әйел мен оның ересек ұлы боқауыз сөздер айтқан. Тіпті, орындықпен ұрмақ болған. Медбикелер болмағанда ұрар ма еді. Біз ол кісіге «өз ар-намысыңызды қорғаңыз, біз көмектесеміз» деп әрең көндірдік. Біздің дәрігерлерде «болары болды, бояуы сіңді» деген пікір қалыптасқан. Ауылдық жерлердегі мамандар өз құқығын қорғаудан тіптен қашады. Дәрігер де осы елдің азаматы. Ол да заң алдында құқығының қорғалуына құқылы, – дейді Сұлтан Медеубаев. Әуеліде «Дәрігерлер мәртебесі туралы» заң қабылданатын болған. Кейін бұл мәселелер заңда емес, кодексте қамтылады делінді. Дегенмен қабылданған кодексте бұл мәселе тыс қалған. Qmed ұлттық медицина палатасының президенті Әкім Тұрсұн солай дейді. – Медицина саласы қызметкерлерінің құқығы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс негізінде қорғалады. Былтыр бұл кодекске қосымша біраз нәрсе енгізілді. Сол заңнамада дәрігерлер статусы және олардың өзін қорғауы туралы нақты жазылуы керек еді. Өкінішке қарай, өте аз қамтылды. Қаншама үкіметтік емес ұйым, медициналық қауымдастық дәрігерлер мәртебесін заң жүзінде бекітуді айтты, бірақ біраз нәрсе толықтырусыз қалды. Екінші жағынан дәрігерлер конфликтіге көп бармайды, медиадан көріне бермейді. Мысалы, «Мұғалімдер мәртебесі туралы» заң шықпай тұрғанда қоғам педагогтерге қатысты нақты бір статусты талап етті. Біріншіден, елімізде мұғалім көп. Екіншіден, олардың бәрі қоғамда болсын, әлеуметтік желіде болсын салыстырмалы түрде белсенді. Қандай да бір мұғалімге заңға қайшы келетіндей әрекет жасалса, елдегі барлық мұғалім көтеріледі. Соның арқасында «Мұғалімдер мәртебесі туралы» заң шығарылып, онда білім саласының қызметкерлерінің статусы айқындалды. Дәрігерлердің спецификасы басқа. Олар мұндай оқиғаларды айта бермейді, – дейді Әкім Тұрсұн. Осыған қарап отырып-ақ ем іздеп барып, қол жұмсап, не балағаттап жатсақ та шыдай беретін ақ халатты абзал жандарға шынымен де араша керек пе дерсің...
Қарағанды облысы