9-20 мамырда Ташкентте ШЫҰ-ына мүше елдердің туристік индустрия өкілдері бас қосады деп күтілуде. Басқосу халықаралық ұйымның Өзбекстан Республикасының төрағалығымен өтетін кезекті биылғы саммиті аясында өтпек. Алдын-ала берілген ақпарат бойынша 20 мамырда академиялық және іскерлік ортаның, ұйым мүшелері және туристік индустрия өкілдерінің қатысуымен «ШЫҰ мүшелері-мемлекеттер ынтымақтастығының жаңа кезеңі: туризм және мәдени мұра» туристік форумы өтеді. Форумда халықаралық туризмнің, Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы елдердің мәдени мұрасын сақтау және насихаттаудың, сондай-ақ туризм және мәдени мұра саласы бойынша ғылыми-техникалық әріптестік аясын кеңейтудің өзекті мәселелері талқыланады.Кездесуде туристік ведомстволардың басшылары туристік саяхаттарды жедел жаңғыртудың бірлескен бастамалары, экономикалық өсудің мультипликаторы ретінде туризмнің рөлін арттыратын жаңа жобалар мен бағдарламаларды қарастырмақ.Алдағы отырыстардың күн тәртібіне ШЫҰ-на мүше елдердің арасындағы Туризм саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы келісімнің және музей ісі саласындағы өзара әріптестік туралы меморандумның жобалары да енгізілген.