Атырау жұрты Халық Қаһарманы, қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш әйел Хиуаз Доспанованың мерейтойын дүркіретіп атап өтті.
Әуелі атыраулықтар Хиуаз Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайындағы ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне жиналды. Бұл рәсімге облыс әкімі Серік Шәпкенов, ұшқыштың ұлы Ерболат Әміров пен туыстары Алматыдан арнайы келді. Сонымен қатар ҚР Ұлттық Ұланның 5546 әскери бөлімінің сарбаздары, «Батыс» өңірлік қолбасшылығы және мәдениет майталмандары мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Салтанатты жиын сол күні Құрманғазы атындағы Мәдениет сарайында жалғасты. Халық Қаһарманына арналған салтанатты жиында ұшқыштың өмірі мен шығармашылығына арналған бейнефильм көрсетілді.
– Батыр халықтың қайсар қызы Хиуаз Доспанова майдан аспанына 300-ден астам көтеріліп, жау нысандарын бомбалауға қатысты. Бірнеше рет ауыр жарақат алғанына қарамастан ұрыс даласын тастап кеткен жоқ. Батырлығы мен батылдығы арқасында соғысты Берлин қаласында аяқтады. Осының өзі оның бойындағы қайсарлықтан хабар береді. Біз өз кезегімізде өткенді құрметтеу арқылы өскелең ұрпаққа тәрбие береміз. Бүгінгі іс-шаралар жас ұрпақтың бойына патриоттық сезім, намыс пен жауапкершілік дәнін егуге арналады, – деді облыс әкімі Серік Шәпкенов өз сөзінде. Ол кеш барысында бірнеше адамды Халық Қаһарманы, қоғам қайраткері Хиуаз Доспанова атындағы медалімен марапаттады. Бұдан бөлек, ұшқыштың 100 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған таэквондодан Батыс аймақтық ашық турнирінің, облыстық жас ақындар мүшәйрасы мен патриоттық әндер байқауының бас жүлдегерлеріне де арнайы төсбелгісі табыс етілді.
Бұл жиынға Хиуаз Доспанованың немере інісі Бақытжан Доспанов та Алматыдан арнайы келді, әпкесі туралы естелігін бөлісті:
– Хиуаз әпкеміз бізді ең алдымен арлы болуға, бар нәрсеге өз еңбегіңмен адал жетуге тәрбиеледі. Отан үшін от кешкен, ар-ұятын бәрінен биік қойған Хиуаз Үкіметтен ештеңе сұраған емес. Хиуаз апама 1951 жылы мемлекеттен үш бөлмелі пәтер берілді. Осы пәтерде алты отбасы бірге тұрдық. Хиуаз 2008 жылы осы пәтерден бақиға аттанды. Біз – Доспановтар әулеті қарапайым жандармыз. Апамыз осындай адам еді деп ол үшін ештеңе сұрамадық. Апамыз да атақ-даңқ қуған жоқ, атақ та, абырой да Хиуазды өзі іздеп тапты. Соның бір мысалы, атыраулықтар өздері кірісіп, бастамашыл топ құрып, Хиуаз Доспанова есімін есте қалдыру мақсатында аянбай жұмыс істеді. Доспановтар әулетінің атынан сол адамдардың бәріне алғыс білдіремін, – деді Бақытжан Белмергенұлы.
Ал ұшқыштың ұлы Ерболат Әміров еліміздің барлық өңірінде аэроклубтар ашылса деген ұсынысын жеткізді.
– Қазақтан шыққан ұшқыштардың қай-қайсысы да әуелі аэроклубтарға барған. Аэроклубтар олардың авиацияға қызығушылығын оятып, ұшқыш болуына ықпал еткен. Әрине, бүгінгідей мәдени, тағылымды іс-шаралар керек. Десе де, алдағы уақытта еліміздің барлық өңірінде аэроклубтар ашылғанын қалар едім. Жер көлемі жағынан әлемде алғашқы ондыққа кіреміз. Алтай мен Атыраудың арасына қатынау үшін ұшақ тиімді, ұшақ көбірек ұшуы үшін ұшқыштар мен авиация мамандары жергілікті кадрлардан шығуы үшін оларды бұл салаға қызықтыру үшін аэроклубтар керек, – деді Ерболат Шәкуұлы. Салтанатты іс-шара жергілікті өнерпаздардың мерекелік концертіне ұласты.
Атырау қаласындағы Хиуаз Доспанованың ғасыр тойына арналған іс-шаралар легін Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының шығармашылық ұжымы сахналаған «Хиуаз» драмасы қорытындылады. Спектакльдің бір ерекшелігі, көрермен қойылымды сахнада отырып тамашалады.
Атырау облысы