Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Снежанна Имашева, Мәлік Құлшар және Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланған Аветик Амирханян құрылыс материалдарын өндіретін «Орал сауда-өнеркәсіптік компаниясы» зауытында болды.
Халық қалаулылары зауыт қызметкерлеріне Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың маңыздылығын түсіндіріп, алдағы референдумға белсенді атсалысуға шақырды.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша республикалық референдум өткізуді ұсынды. Референдум – Жолдауда жарияланған реформаларды халықтың таңдауымен жүзеге асыру. Мемлекет басшысы әрқашанда азаматтарды шешім қабылдауға белсенді қатысуға шақырып келеді. Конституциялық өзгерістер бойынша енді аралас сайлау жүйесі арқылы партияға мүше емес азаматтар да Парламентке сайлана алады. Егер референдумда дауыс берушілер осы өзгерістерді қолдаса, онда біз Президент айтқан жаңа, әділетті Қазақстан құруға мүмкіндік аламыз. Бұл – еліміздің дамуы үшін маңызды қадам, – деді Снежанна Имашева.