Қостанай қаласының Жастар сарайы ғимаратында «AMANAT» партиясының бастауыш партия ұйымдары өкілдерінің қатысуымен семинар өткізілді. Мұндағы басты мақсат – маусымның 5-і күні өтетін референдумның маңыздылығын түсіндіру. Семинарда сөз сөйлеген Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Әлия Сапарова жергілікті халықтың референдум жайында ой-пікірі оң екенін жеткізді. «Жекелеген адамдар заңнаманың әр тармағы бойынша сауал қойып, ақпаратты мейлінше мол алып қалуға тырысуда. Олардың референдумға деген қызығушылығы үлкен. Халықпен әр кездесу ерекше әсерлі өтіп жатыр»,– деді депутат. Ал мәжілісмен Екатерина Смышляева конституциялық өзгерістердің маңыздылығына мән бере келе: «Ауыл тұрғындары өзгерістерді құптайды. Мәселен, бұрын әкімдерді сайлау кезінде таңдау құқығы берілмейтін, әкімнің кандидатурасымен тек келісу-келіспеу мәселесі ғана қаралатын. Енді екі немесе одан да көп кандитатура ұсынатын болғандықтан, таңдау әрине бар»,– дейді. Сондай-ақ семинарда Қостанай қалалық мәслихатының депутаты Евгений Сотников, тағы басқа ресми тұлғалар сөз сөйлеп, ойын білдірді. Қазір Қостанай облысында 263 бастауыш партия ұйымы жұмыс істейді. Олардың құрамында 1 700-ден астам партиялық топ құрылған. Мәжілісмендер бастауыш партия ұйымдарына осы үлкен істі сәтті орындауда үлкен үміт артатынын жеткізді. Олар да өз тарапынан жауапкершілік артып отырғанын түсініп, халық арасында сапалы ақпараттық жұмыс жүргізетінін айтты.