Өскеменде «Жол қозғалысының жас инспекторлары» слёті өтті. Балалар жылына орай облыстық Полиция департаменті мен Білім басқармасы бірлесе ұйымдастырған шараға ұзын саны сегіз команда қатысты. Жол ережесін жетік меңгерген полиция қызметкерлерінің алдында өзара сынға түскен 15 жастағы балалар әртүрлі кезең бойынша өнерлерін ортаға салды. Әуелгі кезеңде бес минут ішінде 100 сұраққа жауап беру талабы қойылды. Біле білсек, бес минут дегеніміз, жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсырғандағы уақыттан екі есе кем. Бұл сыннан мүдірмей, сүрінбей өтіп, сұрақтарға сақылдата жауап берген балалар болды. Сонымен қатар жолда түрлі оқыс оқиғадан зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетуден де сынға түсті. Мұны әр азамат білуі тиіс. Себебі қандай да бір оқыс оқиғада алғашқы көмек көрсете алмай, абдырап қалатынымыз жасырын емес. Ал жас инспекторлар алғашқы медициналық көмек көрсетуге сақадай сай екенін паш етті. «Балалардың дайындығы қуантты. Жалпы, мұғалімдер, ата-аналар оқушылардың жол ережесін есте ұстауына, сақтауына ерекше мән беруі керек. Ойлап қарасақ, жолдан ұялы телефон ұстап немесе жаяу жүргіншілер белгісі жоқ жерден кесіп өту сияқты өрескел қателіктердің соңы үлкен өкінішке әкелуі мүмкін. Сондықтан жол ережесіне салғырт қарауға болмайды», – дейді Шығыс Қазақстан облыстық Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Андрей Ларионов.
Жарыс барысында қазылар алқасы «Қауіпсіз жаз» атты қабырға газеттерін де шолып шықты. Оқушылар мұнда жол қауіпсіздігіне қатысты мақалаларын жариялап, ақпараттық суреттермен көркемдепті. «Өзім бұл сайысқа екінші рет қатысып отырмын. Көліктің көбейген заманында жол ережесін әр адамның білуі міндет. Өзім қала ішіндегі жол жүру ережесін жақсы білемін. Бұл ең әуелі өзіміздің қауіпсіздігіміз ғой. Менің ойымша, мектеп оқушыларының әзірлігі полиция қызметкерлерінің көңілінен шықты», – дейді қаладағы №49 мектептің 8-сынып оқушысы Асанәлі Қайрат.
А.ӘБІЛ, Шығыс Қазақстан облысы