Алматының биылғы көктемі елді әбігерге салып тұр. Себебі мегаполис көшелеріндегі арықтардан асқан тасқын су көшелерді көлге айналдырды. Жол жиегіндегі бітелген арықтардан су арнасынан тасып жатыр. Бір қызығы, бұған дейін бұл арықтарға ешкім көңіл бөлмеген.
Алматы «Венеция» кейпіне түсті
Алматыдағы ең үлкен мәселелердің бірі де осы – аршылмаған арықтар машақаты. Мамандардың айтуынша, кей арықтар уақытылы тазармағаннан бітеліп қалса, енді бірінің әбден тозығы жеткен. Яғни, жылдар бойы жаңартылмаған. Сол себепті де Алматы халқы жауын-шашын мол жауған күндері бейне бір Венеция көшелерінде жүргендей күй кешеді. Енді бірі белуардан суға батып, әлекке түсіп жатады.
2017 жылы да шамадан тыс нөсер жауып, қала халқын айтарлықтай әбігерге салғаны бар. Сол кездегі қала әкімі мен маңайындағы жауапты тұлғалар тез арада арықтарды жөндеуді қолға аламыз деп уәде еткен. Тіпті, сол жылы 15 шақырымға жуық арық жүйесі жаңаратынын, ол үшін қала қазынасынан 500 млн теңге бөлінгенін айтқан еді. Осылайша, жыл сайын жүйелі түрде жөндеу мен жаңарту жұмыстарын рет-ретімен қолға ала отырып, 2021 жылға дейін мегаполистегі барлық арықтарды аршып, қажеттерін жаңартамыз деп жар салған болатын. Алайда одан бері де 5 жыл уақыт өтті. Өкінішке қарай, ештеңе өзгермегенін нөсер жауын дәлелдеп берді.
Сағынтаевтың да уәдесі сағымға айналды
Аршылмаған арықтардың мәселесі осы жылдың ақпанында ғана қызметінен кеткен Алматының экс-әкімі Бақытжан Сағынтаевтың да бас ауруына айналған. Екі жыл жеті ай әкім болған тұста Бақытжан Әбдірұлы алматылықтармен әрбір кездесуінде көше бойындағы арықтармен алысып жатқанын айтумен болған. Тіпті, арнайы кешенді бағдарлама қабылдағандарын да жеткізген. Ол үшін қала бюджетінен миллиардтан аса қаржы қарастырылды деп есеп бергені де ел есінен шыға қойған жоқ. Нақты айтқанда, арықтарды жаңартумен қоса, 2018-2019 жылдары қала ішінен өтетін үш өзеннің арнасы мен жиегін бекемдеу арқылы жауын-шашыннан келетін қауіптің алдын аламыз деген нақты жоспарлары бар екенін айтқан.
«Қала аумағындағы 3 өзеннің арнасын бекіту ісі де қолға алынбақ. Бұл жұмыстарға жергілікті бюджеттен 1 млрд 300 млн теңге бөлініп қойған. Атап айтқанда, Жетісу ауданындағы Есентай өзені қайта жаңғыртылады. Өзеннің Ангарская көшесінен қаланың солтүстік шекарасына дейінгі 10 шақырымы тереңдетіліп, арнасы бекітіледі. Ал Медеу ауданында Кімасар және Зообақ ішінен ағатын Жарбұлақ өзенін күрделі жөндеу көзделуде», – деп қуантқаны да есте.
Мұның да жай құрғақ уәде болып шыққанын уақыт көрсетіп отыр. Оған аршылмай қалған арықтар мен бекемделмеген өзендердің жағасы куә. Ең қызығы, қарастырылып қойды деген 1 миллиард 300 миллион теңге қайда кетті?
Досаевтың командасы қандай қарекет жасап жатыр?
Біздегі бар мәліметке сүйенсек, қала аумағында жаңбыр және еріген қар суларын бұруға арналған 16 коллектор бар. Бүгінде олардың көпшілігі иесіз және маусымдық дайындау кезінде тазарту қызметтері көрсетілмегеніне бірнеше жыл болған. Нәтижесінде, қоқыстан бітелген және істен шыққан. Аталған коллекторлардың 12-сі қала ішіндегі арық желілеріне қосылмаған. Тек қана Алатау ауданында 2018 жылы салынған 4 коллектор ғана арық желілеріне қосылған және біршама тұрақты жұмыс істеп тұр.
Қала басшылығы проблеманың шын мәнінде бар екенін халыққа ашық жеткізгісі келген болуы керек, арнайы БАҚ өкілдеріне баспасөз турын өткізді. Тур барысында біраз мәліметтерге қаныққандай болдық. Білгеніміздей, жақында Ерболат Досаевтың тапсырмасымен су басу қаупін шешу мақсатында су шаруашылығы нысандарының техникалық жай-күйіне талдау жүргізілген. Талдау нәтижесінде, бұл күнде қала аумағында үнемі су басатын 56 аймақ анықталған.
«Атап айтқанда, арық желілерін Ұлықбек және Саин көшелерінің қиылысында орналасқан коллекторға шұғыл қосылу бойынша жұмыстар жүргізілуде, бұл өз кезегінде арық желісін су өткізу қабілеттілігін ұлғайтып, төменгі аумақтарға кететін су ағынын азайтуға мүмкіндік береді.Арық жүйесін жаңғырту жұмыстары үнемі су басатын Төле би, Ясауи, Момышұлы көшелері мен Райымбек батыр даңғылында да жүргізіліп жатыр», – дейді әкімдік қызметкерлері.
Сонымен қатар биыл жалпы ұзындығы 376 шақырым болатын қаланың ішіндегі арық желісін салу және модернизациялау бойынша жоба әзірленген көрінеді. Жоба бойынша қаланың батыс бөлігіндегі Алатау, Наурызбай, Әуезов аудандары, орталық бөлігінде Жетісу, Бостандық, Алмалы аудандары, шығысындағы Медеу, Түрксіб аудандарындағы арықтардың мәселесі түбегейлі шешіледі деп жоспарланған екен.
Айтпақшы, қала әкімі Ерболат Досаев жақында ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған кезінде де осы мәселеге қатысты өз жоспарын таныстырған еді. Ол қаладағы құрылыстың тығыз болуына жол бермеу және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жөнінде Президенттің өзіне берген тапсырмасының орындалу барысы туралы айта келіп, Алматыдағы нөсер жауынға арналған кәріз жүйесін жаңғыртудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасының негізгі ережелерін таныстырған болатын.
Бұл жобаның қандай нәтиже беретінін алдағы уақыт көрсете жатар.
Алматы