Кеше елордадағы «Тұлпар» сауда орталығының автотұрағында қала әкімдігінің «Астана жастары» КММ жоғары оқу орындары түлектері мен жұмыссыз жастар үшін бос орындар жәрмеңкесін өткізді. Шараның негізгі мақсаты жұмыс беруші мен іздеуші арасында тікелей байланыс орнатып, жұмыссыздар санын азайтуға бағытталған.
Халықты жұмыспен қамту мен тұрақты табысын сақтау абсолютті басымдық болуы тиіс. Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауында да жастарды қолдау және елдегі адами капиталдың сапасын дамыту мақсаты маңызды рөл атқаратыны жиі айтылады. Президент пәрменін орындау мақсатында іске асқан шараны «Астана жастары» КММ мен Халықты жұмыспен қамту орталығы бірге ұйымдастырып жатыр.
Жәрмеңкеге келушілер таңнан бері өздері қалаған саладағы бос жұмыс орындарын зерделеуге және бірнеше жұмыс берушімен бір жерде тікелей сөйлесуге тамаша мүмкіндік алған. Сондай-ақ жұмыс іздеушілерге «Бастау Бизнес» бағдарламасы, мемлекеттік гранттар бойынша да кеңес берілді. Өз кезегінде мансаптық жолын бастаған жас буын өкілдері де қызметтің алғашқы баспалдағын басуға бірнеше мүмкіндік болады. Бұдан бөлек, өз мамандығының «құнын» анықтауға көмектеседі. Мәселен, Екібастұз қаласынан келген Әнуар бұған дейін де Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы өз қаласында жұмыс тапқан. Алайда арман қуып, ел астанасына келген ол жәрмеңке ұйымдастырып жатқандарға алғысын білдірді. «Жұмыс іздеп жүргендерге тамаша мүмкіндік жасап жатыр. Бұл жұмыссыз жүрген адамдардың екі қолға бір күрек табуына көмектеседі деп ойлаймын. Айлығы тәуір, тұрақты жұмыс іздеп жүрмін. Бірнеше жұмыс берушімен сөйлестім. Нақты мамандығым болмаған соң барлық жұмыс көңілімнен шығып тұр. Бірақ айлыққа аздап көңілім толмай тұр», – дейді ол. Айтуынша, Екібастұзда 200 мың айлық бір ай өмір сүруге жеткен. Себебі Әнуар өз қаласында ата-анасының үйінде тұрыпты. «Бірақ басқа қалада пәтер жалдайтын болғандықтан, айына 200 мыңнан жоғары жалақысы бар жұмыс іздеп жүрмін. Өйткені бұл қалада 200 мыңнан аз айлықпен өмір сүру өте қиын. Күнделікті пәтерақы мен жолақы, ішіп-жейтінің мен киімге қара басым жүріп 200 мыңды жеткізе алмай-
мын», – деп ағынан жарылды Әнуар.