Бүгін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде сарапшы мамандар мен «Bolashaq» Қауымдастығының мүшелері, сондай-ақ студент жастар арасында референдумға қатысты еркін пікір алмасу өтті. Дөңгелек үстелге қатысқан жастар Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстарды тұжырымдау жөніндегі жұмыс тобының мүшелеріне қызықтырған сауалын қойып, алдағы сайлау науқанына азаматтық үн қосу туралы ойларын ортаға салды.
Егемен еліміздің тәуелсіз тарихында жалпыхалықтық референдум екінші рет өткелі отыр. Биылғы конституциялық референдумның айырмашылығы – суперпрезиденттіктен мықты парламенті бар президенттік жүйеге көшу мақсат етілуде. Сондықтан қазақстандықтар ел үшін маңызды құжаттағы өзгерістің қандай мақсатта түзетілу қажеттігі туындағанын түсініп, сайлау науқанына сеніммен қарауы керек. Осылай деген «Bolashaq» Қауымдастығы Кеңесінің Төрағасы, YPO Kazakhstan мүшесі Алмас Құдайберген қауымдастық мүшелері Конституциялық өзгерісті қолдайтынын жеткізді.
Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстарды тұжырымдау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Ермек Әбдірасылов елдің маңызды құжатына енгізілетін өзгерістерде қоғамның сұранысы, халық мүддесі ерекше ескерілгенін жеткізді. Айтуынша, Мәжілістің күшін арттырып, оған сайланатын депуттардың қатарына өз ойын айтып, халықтың мүддесін қорғай алатындарды тартуға бағытталып отыр. Қазір депутаттарды сайлауда тікелей партияға дауыс берілсе, енді әр азамат партия құрамында болмаса да өзін ұсынып, халықтың мүддесін қорғауға сұрана алады.
«Қазіргі сайлау жүйесінің кемшілігі сол, депутаттардың көбісін халық танымайды. Кім не айтып жүргенін, не істеп жатқанынан хабарсыз қалдық. Кезінде депутаттар трибунада халық атынан сөйлеп жататын. Қазір ондай тұлғаларды көрмей жүрміз. Ертең мажоритарлық жүйе қолданысқа енсе, осындай айтары бар азаматтар мінберге көтеріледі. Пропорционалдық жүйенің де жақсылығы бар. Бұл партия жүйесін дамытады», - дейді Ермек Әбдірасылов.Жиын барысында қауымдастық мүшелері тарапынан «Мәжілістің құзіреті күшейсе, жоғары палата жұмысының қажеті бар ма?» деген сауал да қойылды. Жұмыс тобы мүшесінің сөзінше, қос палата кез келген елде бар. Бұл халыққа жұмыс істейтін маңызды заңдарды қабылдау кезінде жоғары палатамен ақылдасып тірлік іздеуге үндейді. Яғни заңды Мәжіліс қабылдайды. Бірақ мақұлдамас бұрын жоғары палатаның пікіріне құлақ түреді. Мәселен, Мәжіліс кейбір баптар бойынша халыққа зиян келтіретін баптарды ұмыт қалдыратын жағдай болса, Сенат өз өзгерісін береді. Келіспеушілігінің себебін көрсетеді. Ал Мәжіліс жоғары палатамен келісімге келе алмаса, келісім комиссиясы құрылады. Сол жерде де бірауызға келмесе, Мәжіліс қайтадан дауысқа салып, депутаттардың 3/2 дауыс берсе, заң қабылданып кетеді. Ақырғы сөз Мәжілісте болады.
«Бірақ бұл Сенаттың құзыреті төмен дегенді білдірмейді. Олар да көп өкілеттік алып отыр. Мысалы, қазір Президент Конституциялық сот кеңесінің төрағасын бірден тағайындайды. Ал өзгеріс енсе, Сенатпен келісу керек. Сондай-ақ, Конституциялық кеңеске қазір жылына екі рет соттар арыз түсіре алады. Ендігі жерде кез келген азамат Конституциялық құқығы бұзылып, қазіргі қолданып жатқан нормативтік құқықтар Конституцияға қайшы болса, Конституциялық кеңеске жүгіне алады. Бас прокурор да заңдылықты бақылап, азаматтардың құқығы бұзылып жатса, Конституциялық сотқа жүгіне алады. Адам құқығын қорғайтын уәкілдің де Конституциялық сотқа жүгінуге мүмкіндігі болады», - деді Ермек Әбдірасылов.Сонымен қатар жұмыс тобының мүшесі, заң ғылымдарының докторы бұл жобада 46 бапта бірінші Президенттің мәртебесі туралы тармақ алынып тасталғанын тілге тиек етті. Бұрынғы Президенттердің мәртебесі Президент туралы Конституциялық заңда көрсетілген. Онда олардың иммунитеті, қауіпсіздігі туралы айтылған. Бірақ бұдан былай одан артық ерекшеліктер болмайды.
«Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында Конституцияға өзгерістер енгізу жөнінде референдум өткізуді ұсынған болатын. Елдің айтары осы референдумда айтылды. Тағы да өзгерістер болуы мүмкін. Бір жағынан бұл өзгерістерді Сенат пен Мәжіліс депутаттары бас қосқан отырыста талқылап, Президент сол заңға қол қойған соң қабылдауға да болатын еді. Бірақ Мемлекет басшысы екінші жол – референдум арқылы толықтыру енгізуді жөн деп тапты. Референдумға халықтың 50 пайызы қатысуға тиіс. 50 пайыздан көбі енгізілгелі тұрған өзгерістерді қолдаған кезде бұл жоба күшіне енеді», - деді Ермек Әбдірасылов.«Елу жылда ел жаңа» демекші, шекара асып шетел көрген жастардың көргені мен көкейге түйгені мол. Өз кезегінде сөз алған «Bolashaq Petroleum Club» клубының төрағасы Жәнібек Катренов қоғамдағы немқұрайлылыққа нөлдік төзімділік қалыптастыру маңызды екенін жеткізді.
«Барлығы шешілген, біз бармасақ та болады» деп қол сілтейтін қасиеттен арылу керектігін айтқан ол: «Бірақ әр саланың мамандары өз ойын білдірмесе, ертең ел ертеңі үшін дұрыс емес шешім шықса, бармақ тістеп қалуы мүмкін. Сондықтан елге қызмет ететін, ел мүддесі үшін қабылданатын шараның басы-қасынан табылу керек. Өзекті мәселені қозғап, әркім өз ойын айтып белсенділік танытса, билік де халықпен санаса бастайды», - деп отыр.