Елордада қалалық клиника басшылары мен бейінді басқарма басшылығының қатысуымен жиналыс өтіп, республикалық референдумның мақсаты сөз болды. Әкімдікте өткен кездесуде еліміздің басты құжатына өзгерістер мен толықтырулар енгізудің қажеттілігі сараланды. Алғаш болып сөз алған Нұр-Сұлтан қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов Конституциялық реформаның негізгі бағыттарына тоқталды. «Бұл шын мәнінде жаңа Қазақстанның қалыптасуындағы басты саяси оқиға. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың референдум өткізу туралы шешімі елдің саяси өмірінде ғана емес, қоғамдық өмірінде де маңызды болып табылады. Референдум біздің азаматтық ұстанымымызды нығайтуға мүмкіндік береді және елдегі қоғамдық-саяси жағдайға жағымды әсер етеді. Медициналық қоғамдастықты алдағы саяси өзгерістер мәселесінде шетте қалмауға және өз дауысын беруге шақырамын», – деді ол. Басқарма басшысының сөзін жиынға келгендер де бірауыздан қолдап отыр. Сол себепті сайлау учаскелері құрамындағы медицина қызметкерлері медициналық пунктерде өз қызметін атқара жүріп, елдің ертеңі үшін дауыс беруге атсалысатындарын айтты. Айта кету керек, осы күні қала бойынша барлығы 247 ашық учаске жұмысын бастайды. Жиналыста конституциялық реформаларды талқылаудан басқа, денсаулық сақтау жүйесіндегі мәселелер де талқыланды. Соның ішінде қаланың медициналық ұйымдары, жекеменшік ұйым жұмысының негізгі бағыттары әңгімеге арқау болды. Әсіресе, қала тұрғындарына коронавирустың жаңа штамдары шығып жатқаны хабардар етіліп, сол үшін COVID-19-ға қарсы вакцина салғызуға бейжай қарамауға шақырды.