Халық құптаса, алдағы референдумда қабылдануы тиіс Конституциялық реформа – мемлекетіміз үшін тағдыршешті мәнге ие. Бұл сарапшылардың тұжырымы. Президент бастамашы болып отырған Ата Заңға түзетулер мемлекетіміздің басқару моделін және саяси жүйесін түбегейлі өзгертпек. Осының арқасында қазіргі «геосаяси дауылға» тап болған аумалы-төкпелі әлемде қазақ елінің қуаттануына, тұрақтылығының нығаюына, экономикасының өркендеуіне қажетті жағдайлар жасалады. Бірақ бұл өзгерістер қарапайым адамға не береді? Саясаттанушы, Қазақстандық қоғамдық даму институты басқармасының төрағасы Қазбек Майгелдинов референдумнан кейін Жаңа Қазақстанның жаңа ережелері күшіне енетінін жеткізді. «Қазір референдумға дайындық қызды. Парламент депутаттары, сарапшыларымыз аймақтарға шығып, халықпен кездесулер өткізіп жатыр, «AMANAT» партиясы барлық өңірде іс-шаралар ұйымдастыруда. Өйткені мемлекетіміз, ұлтымыз үшін маңызды мәселе күн тәртібіне шығарылып отыр. Елдің және өзінің болашағына бейжай қарамайтын әрбір азамат референдумда дауыс беріп, саяси мәдениетін, саяси белсенділігі мен сауаттылығын көрсеткені жөн», – деді саясаттанушы. Оның байламынша, референдум мен Конституциялық реформа әсіресе, жастар үшін маңызды. Жаңа Қазақстанда жас ұрпақ үшін мемлекеттік дамудың ең озық моделі енгізілгелі тұр. Соның арқасында олардың алдынан аға ұрпақ армандап көрмеген ғаламат мүмкіндіктер ашылуы мүмкін. Мемлекетте жасалып жатқан барлық жаңғыру жарқын болашаққа, демек жастарға арналады. «Қазақстанда референдум соңғы рет 1995 жылы өткізілді. Сонда дүниеге келген немесе балабақшада, мектепте оқыған балалар қазір ержетіп, алғаш рет дауыс бергелі тұр. Жаңа Қазақстанды құратын да жастар болады. Сондықтан бұл референдум жас қазақстандықтарға да жауапкершілік жүктейді», – деді Қазбек Майгелдинов. «Референдумнан кейін не өзгереді?» дегенге келсек, сарапшының айтуынша, өзгерістер тек орталық деңгейде ғана жүрмейді, өңірлерді де кеңінен қамтиды, барлық қазақстандыққа қатысты болады. «Ең бастысы, жүйе жаңарып жатыр, ал ескі жүйе жаңашылдықтарды қабылдамауы мүмкін. Сол себепті жаңаруды қалаған азаматтар референдумға келіп, ұстанымын, қолдауын білдіруі керек. Қазақстан елдегі бүкіл маңызды шешімді бір тұлға қабылдайтын суперпрезиденттік жүйеден толық бас тартып, «еститін мемлекетке» құрылған жаңа тұрпатты президенттік-парламенттік жүйеге көшеді. Мәжіліс депутаттарының 30 пайызын қазақстандықтар партиялық тізім арқылы емес, әр кандидатқа жеке дауыс беріп, тікелей сайлай алады. Ол үмітті ақтамаса, кейін кері шақыртып алады. Жергілікті мәслихаттардың маңызы мен рөлі күшейтіледі, облыс әкімдерін бірнеше кандидат арасынан солар таңдайды. Әкімді де алып тастауға мүмкіндік беріледі. Мұның бәрі облыс басшылығына жергілікті өңірдің қамын ойлайтын азамат, білікті маман келуіне жол ашады», – деді ол. Сарапшылар Конституцияға түзетулер адам құқықтарын қорғауды күшейтеді, демократияландыру процестеріне серпін береді деген сенімде. Мәселен, Конституциялық сот құрылады. Бұл кез келген қазақстандықтың өміріне қатысты болады. Қолданыстағы Конституциялық кеңестің кінәраты бар көрінеді, ол біріншіден, заңның Ата Заңға сәйкестігі немесе сәйкеспейтіні жөнінде кеңес береді, соңғы шешімді Президент қабылдайды. Екіншіден, оған биліктегілердің шектеулі санаты ғана жүгіне алады. Ал Конституциялық сотқа барша азаматтың, сондай-ақ прокуратураның, омбудсменнің жүгінуіне мүмкіндігі болады. Саясаттанушы Ислам Кураевтың пікірінше, «Жаңа Қазақстан», «Екінші республика», референдум және басқасы – эксперттік ортаға ғана түсінікті терминдер. Оны қарапайым халық түсінуі үшін олардың мазмұнын, елге не игілік әкелетінін түсіндіру керек. «Мысалы, ауылдықтар «бұл маған не береді?» деп сұрайды. Референдум арқылы Ата Заңға енгізілетін 30-дан аса түзету елге жаңа мүмкіндіктер әкеледі. Бір қарағанда, осының өзі жаман емес. Сонымен бірге біздің қоғамда депутат болуды армандайтындар көп қой?! Ендеше 5 маусымда келіп, дауыс беріңіз, сонда осындай мүмкіндікке ие боласыз! Өйткені елде Мәжілісті қалыптастырудың мажоритарлы-пропорционалды аралас жүйесі енгізіледі. Депутаттық мандаттардың 30 пайызы бір мандатты округтерге беріледі, яғни кез келген адам депутаттыққа өзін-өзі ұсына алады. Осының өзі Қазақстанды алда біраз өзгеріске түсіреді, саясат сахнасындағы бәсекелестік қызады. Саясатқа жүйрік халық біраз қызыққа қарық болады», – деді И.Кураев. Оның пайымдауынша, ел күткен нағыз өзгерістер референдумнан кейін басталмақ. Референдум соны легитимді етеді, халықтың қаншалықты қолдайтынын көрсетеді. Ары қарай конституциялық өзгерістерді жүзеге асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспары іске қосылады. Қажетті заңнама түзіледі, Үкімет қаулылары, әкімдер мен мәслихаттардың шешімдері қабылданады, тетіктері түзіледі. Жаңа түзетулерге сәйкес, Үкімет өз мойнына жауапкершілік алып, дағдарыста, соғыста, төтенше жағдайда заң күші бар актілер қабылдау құзырына ие болады. Бұл ауыр замандарда экономиканы құрдымға құлаудан құтқаруға, елдің әл-ауқатын, тұрмыс-тіршілігін жақсартуға септесуі тиіс. Олай болса, мұның өзі Ата Заңға түзетулердің ел тағдыры үшін маңызын білдіреді. Әйтпесе, «қаралы қаңтар» оқиғалары кезінде ескі Үкімет республикадағы ахуалды тұрақтандыру үшін өз мойнына жауапкершілік ала алмады. Саясаттанушы Расул Жұмалы референдум өте маңызды саяси науқан және жанама емес, «тікелей демократияның» құралы екенін қаперге салды. Осы арқылы билік халықпен санасатынын байқатты. «Соңғы рет елімізде референдум 27 жыл бұрын, 1995 жылы өткізілді. Содан бері халық оның не екенін ұмыта бастады. Бұған дейінгі Ата Заңға өзгерістер депутаттар арқылы қабылдана салды. Енді азаматтар өзі дауыс беріп, ойын, ықтиярын тікелей білдіру арқылы жаңарған Конституцияның қабылдануына ықпал етеді. Еліміздегі басты бір саяси өзгерістің бірі де осы. Сондықтан кеш те болса осындай игі дәстүрдің оралғаны – өз алдына маңызды дүние. Азаматтардың өз мемлекетіне, оның болашағына қатысы бар екенін, осы елдің азаматы екенін, билікке ықпал ете алатынын сезінуі болашақтағы барлық игі өзгерістердің бір бастауы болса керек», – деді саясаттанушы. Сарапшы пікірінше, конституциялық түзетулер Жаңа Қазақстанда халықтың тек жергілікті билікке ғана емес, сондай-ақ тікелей Парламентке ықпал етуіне жол ашады. Біріншіден, Мәжіліс депутаттарының 30 пайызы бір мандатты округтер арқылы сайланады. Яғни, депутат болып сайлану үшін азаматтан қандай да бір партияның мүшесі болуы талап етілмейді. Екіншіден, «императивті мандат» енгізілгелі тұр, яғни сайланған депутат міндетті түрде өз сайлаушыларының талап-тілектеріне құлақ түруі, соларды орындауы шарт. Әйтпесе, ол талапты бұзса, ел сенімін ақтамаса, ол кері шақырып алынады, мандатынан айырылады, орнына жұртшылық сенім артатын басқа кандидат сайланады. Президент Қ.Тоқаев айтқандай, біз жаңа мемлекеттік модельге, мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының жаңа форматына көшеміз. Бұл сапалы өзгерісті «Екінші республика» деп атауға болады. Ал референдум – осы ұлы бетбұрысқа халықтың ақ батасын алу. Яғни, халқымыздың жанына жақын қазақы жоралғы. Оған қатысу да әр қазақстандықтың парызы болса керек.