Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде көрнекті қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы Мырзатай Жолдасбековтің 85 жылдығына орай «Түркі жазуының ескерткіштері: тіл, тарих және мәдениет» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, қазақстандық және шетелдік ғылыми қоғамдастық өкілдері, мәдениет қайраткерлері, жазушылар мен студенттер қатысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов оқыды.«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов та Мырзатай Жолдасбековтің мәртебелі мерейтойына құттықтау хатын жолдады. «Ел Тәуелсіздігінің елең-алаң күндерінен бастап-ақ жауапты қызметтер атқарып, мемлекетіміздің идеология, дипломатия саласын өрістетуге күш салдыңыз. Мемлекеттік қызметті атқарып жүріп, көп ізденісті талап ететін ғалымдық жолыңызды да ұмытпадыңыз. Төккен тер, ерен еңбектің арқасында абыройлы ел ағасына, халық абызына айналдыңыз. Әрдайым осылай мәртебеңіз биік болсын» делінген құттықтау хатта.
Конференцияда сөз алған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, елорданың жаңа қалаға көшуі кезінде Мырзатай Жолдасбеков қаланың ұлттық руханият пен мәдениеттің орталығына айналуы үшін үлкен жұмыс атқарды. Ол ЕҰУ-нің алғашқы ректорларының бірі болды және университетті жоғары деңгейге көтеруге өз үлесін қосты.
– Биыл біз ұлы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығын атап өтеміз. Сіз Әуезовтің шәкірті болдыңыз. Мырзатай Жолдасбеков – мәдениетті, руханиятты және тарихты дамытудың «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының бастауында тұрған ғалымдардың бірі, – деді Асхат Аймағамбетов.