ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин, партияның облыстық филиалы жанындағы штаб мүшелері Нәжмедин Губашев, Садуақас Битан, Гүлнар Тасболатова, Аида Ертілеуова Манғыстау теміржолшыларымен кездесті. Аталған шарада бүкілхалықтық референдумның маңызы туралы айтылды. Мәжіліс депутаты Еділ Терекбайұлы Конституция белгілі бір топтың мүддесі үшін ғана қызмет ететін қағаз емес, мемлекеттік маңызы бар құнды құжат екенін ескерте келе, оған енгізілетін оңтайлы өзгерістер Отанымыздың дамуына даңғыл жол саларына сенім білдірді. «Референдум тәуелсіз Қазақстанның өсіп-өркендеуіне оңды жол ашатын серпілістер мен сілкіністер әкелетін үлкен саяси реформа болайын деп тұр. Мемлекет басшысының бұл жаңашылдықты Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуден бастауы – құптарлық іс. Енді осыған жүрегі елім, жерім, туған Отаным, халқым деп соғатын әрбір азамат белсенді түрде қатысып, өзінің ой-пікірімен бөлісуі керек. Қазақстанның болашағы зор. Себебі Жаратқан еліміздің астын да, үстін де байлыққа толтырып қойған. Осы ұлан-ғайыр даланы аталарымыз аттың жалында жүріп қорғап, бізге аманаттап кетті. Енді сол байлық пен мол мұраны жалпы халықтың игілігіне жаратуымыз керек. Ол ат төбеліндей бай-манаптарға тиесілі болмауы қажет. Сол үшін күресуге тиіспіз. Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар сол күрестің басы деуге болады. Отыз үш бапқа өзгерістер енгізіледі. Әрқайсын қарап шықтым. Соның барлығы жүйелі түрде жүзеге асатын болса, еліміз әлем елдерінің ішінен орнын ойып тұрып алады. Конституция – мемлекет үшін ең маңызды құжат. Одан ауытқымау керек. Мен болашақ ұрпағымыздың әділетті мемлекетте өмір сүргенін қалаймын», – деді мәжілісмен. Осы күні Парламент Мәжілісінің депутаты облыстағы этномәдени бірлестіктерінің көшбасшыларымен де кездесті. Ол Ата Заңымызды бүкілхалықтық дауыс беру арқылы өзгерту елдің пікірін еркін, ашық білдіруінің айқын көрінісі екенін атап өтті. Бұл өзгертулер Мемлекет басшысының саяси тың реформаларды жүзеге асыруының, билік институттары арасындағы конституциялық құрылымды жетілдіруінің тиімді тәсілі деп түсіндірді. Сондай-ақ Еділ Жаңбыршин және Ақтау қалалық штаб төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Анар Шамшадинова «Х.Өзбекғалиев» атындағы Маңғыстау политехникалық колледжінің ұжымымен кездесті. Кездесу соңында азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, ұсыныстарын тыңдады. Колледж ұжымы референдумның тарихи және саяси маңызына назар аударып, оны қолдайтынын жеткізді.