Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі емес пе? Кішкентайынан газет-журнал оқып, қызығушылығын дұрыс қалыптастыра алған баланың рухы да, өресі де биік болары сөзсіз. Ендеше баланы тек ата-ана мен мектеп тәрбиелемейді. Баспасөз де бала тәрбиесінде басты рөл атқарады. Алайда қазіргі оқушылар газет-журнал оқып жүр ме? Балалар жылында балалар басылымына қандай жағдай жасалып жатыр? Газет-журнал оқыған баланың ойы ұшқыр, тілі жатық болады. Кеңес Одағы кезінде қазақ балалары арасында «Пионер» (тәуелсіздіктен кейін «Ұлан») газеті, «Балдырған» журналы аса танымал болды. Тіпті, ол тұста бұл басылымдарды оқымаған қазақ баласы болған жоқ. Соның арқасында орта мектепті бітірген балалардың 90 пайызы кітап, газет-журнал оқитын дағды қалыптастырып, басылымның қадірін біліп, бағасына жетті. Бұл халықтың сауатты болуына үлкен әсерін тигізген еді. Сондықтан да сол уақытта дүниеге келген ұрпақтың арасынан небір ұлт қайраткерлері мен қазақ классиктері шықты. Ал қазір ше? Өкінішке қарай, бүгінде кішкентай оқырмандарды қалыптастыруға бейжай қарап отырмыз. Балалар басылымдарының қазіргі хәлі ауыр. Соның кесірінен газет-журналдың не екенін білмейтін, білсе де қолына ұстап көрмеген, есесіне туғаннан смартфонның не екенін білетін ұрпақ өсіп шықты. Балалар ақыны Серікбол Хасанның айтуынша, биылғы Балалар жылында балалар басылымдарына қамқорлық жасалуы керек. Бала өздігінен кітап сатып алып, басылымға жазыла алмайды. Сол себепті оларға ата-анасы, мұғалімі бағыт-бағдар беруі тиіс. – Мектептерге кездесуге барғанда, бірінші «Балдырған» жайлы сұраймын. Балалардың біразы білмей, тосылып қалып жатады. Әрине, бүгінгідей жаңа медианың алға озған заманында журнал жайлы білмеу айып емес шығар. Алайда балалар журналы қай кезде де оқылымды, сұраныста деп ойлаймын. Оны балаларға насихаттай, қызықтыра алмай отырған өзіміз секілді. Мерзімді басылымды сақтау, таралымын арттыруға әрқайсымыз үлес қоса аламыз, – дейді Серікбол Хасан. Таралымы тұңғиыққа батты Иә, қазіргі газет-журналдардың үлкен проблемасы – таралымның төмендеп бара жатқаны. Елімізде тәуелсіздік алғаннан бері балалар басылымының саны көбейіп, 20-ға жетіпті. Бірақ бәрінің де таралымы мәз емес. Мәселен, алғашқы санының шыққанына биыл 92 жыл толған, балалар мен жасөспірімдерге арналған республикалық «Ұлан» газеті мен шыға бастағанына 64 жыл болған «Балдырған» журналының кеңестік кезеңдегі таралымы бірнеше жүз мыңнан асып жығылса, қазір бірнеше мыңның айналасы. Бұл біздің болашағымыз саналатын балалардың өздеріне аса пайдалы газет-журналдарды оқи бермейтінін көрсетеді. «Айгөлек» балалар журналының бас редакторы Қымбат Әбілдәқызының пікірінше, бала тәрбиесінің қаншалықты маңызды екенін тиісті мекемелер толықтай білмей отыр. Біз мектепке баратын уақытта немесе балалар мерекесінде ғана жағдайы жоқ ата-аналарға көмектесеміз деп арзанқол сөмке сыйлап, соны жариялап жасанды қамқорлық көрсетеміз. Ал баланы мемлекет тарапынан шынайы қамқорлыққа жарытып өсіруіміз керек. Қазір адамдар «оқымай-ақ бақытты болуға болады» деп ойлайды да, рухани азықты екінші орынға ысырып қойды. – Кезінде біздің оқымаған ата-әжелеріміз зейнетақысынан немерелерін баспасөзге жазып қоятын. Иә, қазір барлық балада гаджет бар. Бірақ интернеттегі ақпарат пен газет-журналдағы материалдардың сапасын салыстыруға келмейді. Балалардың тілін дамытатын баспасөздің құдіретін қолдан шығарып алдық. 22 жыл бойы «Айгөлекке» жазылу науқаны басталғанда өзім бірінші болып жазылып, әрбір отбасы оқыса екен деп тілеймін. Балалар басылымы болғандықтан арнайы суретшілерге қаламақы төлеп, сапалы қағаздарға басып шығарамыз. Мұны саралап, балалар басылымдарына баға беріп, қолдап отырған ешкім жоқ,– дейді Қымбат Әбілдәқызы. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Балалар жылын» науқаншылыққа салынбай өткізейік деді. Алайда «Ұлан» газетінің бас редакторы Жадыра Нармаханованың айтуынша, балалар жылының есебі баяғыда тапсырылып қойған, бірақ ауыз толтырып айтарлық мардымды нәтиже жоқ. – Былтыр елімізде «Балалар әдебиеті» жылы жарияланды. Есеп үшін өте салғандай әсер қалдырды. Биыл Президентіміз «Балалар жылы» деп жариялады. Бала құқығы, денсаулығы, рухани дамуы тұрғысынан көп дүние жасалуы керек еді, – дейді Жадыра Нармаханова. Оның айтуынша, мемлекет «Балдырған», «Ұлан», «Ақ желкен», «Дружные ребята» басылымдарын мемлекеттің балаларға қатысты саясатын жүргізу үшін қаржыландырады. Бірақ ол басылымдар балаларға жете бермейді. Қазір осыны оқып отырған адам «мемлекет қаржыландырғаны аз ба, таралымын өздері жасамай ма?» деп айтуы мүмкін. Өкінішке қарай, біздің елімізде бірдеңе жасаса, оған қарсы тетіктер тұрады. Бір министрлік екінші министрліктің не істеп жатқанынан хабарсыз. Жоғарыдағы аты аталған балалар басылымдары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарайды. Ал балалар білім алатын мектептер жергілікті әкімдіктердің Білім беру басқармаларына, ал мектептердегі білім саласындағы басшылықты жүзеге асыру Білім және ғылым министрлігіне жүктелген. Алайда Білім және ғылым министрлігі де, әкімдіктердің Білім беру басқармалары да оқушылардың басылымға жазылуына, олардың қызығушылығының қалыптасуына жағдай жасамайды. Салдарынан басылымдардың таралымы жыл өткен сайын құлдырап барады. Айталық, басында 86 мың таралыммен шығатын «Айгөлек» қазір 15 мың таралыммен шығады, «Ұлан» газеті аптасына бір рет 5000, «Ақжелкен» журналы айына бір рет 3000, «Балдырған» журналы айына бір рет 7000, «Дружные ребята» газеті аптасына бір рет 3000 таралыммен шығады. Сарыла күтіп сарғаяды Шыны керек, баспасөз таралымының азаюына жеткізу қызметінің сапасыздығы да әсер етеді. Қазір «Қазпошта» АҚ-ның жұмысы газет-журналдың таралуына көп кедергі келтіріп жатыр. Адамдар жазылған басылымын уақытылы ала алмайды. Тіпті, бір жылға жазылып, бір газет алмаған адамдар да бар. Ол адам келесі жылы ақшасын тағы да далаға шашқысы келмейтіні анық. – Сондықтан «Қазпошта» қағаз газет-журналға электронды жазылу жағын іске қосуы керек. Оның жазылу тетігі «Тикетон», «Каспи» қосымшасы секілді жеңіл әрі оңай болуға тиіс. Жалпы, газет-журналдың тиражын ақсатып жатқан «Қазпошта» қызметін мемлекет өз қадағалауына алмаса болмайды, – дейді Жадыра Нармаханова. Бас редактордың бұл сөзін Зеренді ауданы М.Ғабдулин атындағы мектептің мұғалімі Назым Сапар да растады. Оның айтуынша, шалғайдағы елді мекенге балалар басылымдары бір ай кешігіп немесе мүлдем келмей де қалады. – Балалар жылында тек қана мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптар емес, балалар қызығып оқитын журналдар да мектеп кітапханаларына тұрақты келіп тұрса қуанар едік. Көбіне ата-аналар балалар басылымдарына жазылмайды. Әсіресе, жалпы білім беретін мектептер мен ауылдық жерлерде оқушылардың басылымға қол жеткізуі қиын. Мен оқушыларыма «Ұлан» мен «Балдырғанды» алып келіп оқытамын. Қызығушылығы айтарлықтай жоғары. Әр бала өзінде осындай журналдың болғанын қалайды. Бірақ журналға жазылуға барлығының бірдей жағдайы келе бермейді, – дейді Назым Сапар. Алайда балалар баспасөзіне жазылудың жылдық бағасы анау айтқандай қымбат емес. Айталық, кезінде атақты ақындарымыз Мұзафар Әлімбаев, Тұманбай Молдағалиев басқарған «Балдырған» журналының жылдық жазылу бағасы 3000 теңгеден сәл асады. Бұған дейін сенатор Нұртөре Жүсіп ағамыз аз қамтылған отбасыларға арналған Әлеуметтік пакетке «Балдырғанды» қосу жайлы жақсы ұсыныс айтқан болатын, өкінішке қарай қолдау таппаған секілді. Сапалы балалар контентін қалыптастырып отырған «Балдырған» журналы кітапханалардың міндетті түрде жазылуға тиіс мерзімді басылымдары қатарына да енгізілмеді. – Кітапханашылар балаларды қызықтыру үшін әртүрлі Bookcrossing өткізіп жатады. Бірақ ол жерге осыдан он жыл бұрынғы өзектілігі өтіп кеткен журналдар мен Кеңес заманында шыққан кітаптарды қойып қояды. Бұл тақырыптар қазіргі заманның балаларын қызықтыра алмайды. Сондықтан басылымдарды насихаттауда мектеп кітапханашыларына жаңашылдық керек. Бұрыш-бұрышта газет-журнал тұрса, бала да оқиды, – дейді Назым Сапар. Ана тілімізді үйрету де балалар басылымынан басталады. Үйде отырып «Баламның тілі шүлдірлеп шықты» дегенше, қолындағы смартфонды газет-журналмен ауыстыратын уақыт жетті. Мүмкін сол кезде бүгінгінің Соқпақпаевтары мен мерейлі жылда қарап қалмай, балалар басылымдарының таралымын арттыруға мән берсе, көптің тілеуі жерде қалмас еді.