Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек спорт сарайында парадзюдодан Гран-при жарысы мәреге жетті Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз қызметі хабарлағандай, әлемдік деңгейдегі жарыс Мәдениет және спорт министрлігі, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің және Sport Qory спортты қолдау қорының қолдауымен ұйымдастырылды. Екі күнге созылған айтулы додаға 22 елден 201 спортшы қатысып, бақ сынады. Қазақстан құрамасы 1 алтын, 2 күміс және 3 қола медальмен жалпыкомандалық есепте Бразилия, Түркия және Иран елдерінен кейін төртінші орынға табан тіреді. Парадзюдодан жарысқа қатысатын спортшылардың екі санаты болады – J1 және J2. Бірінші санаты – зағип спортшылар, екіншісі – көзі нашар көретіндер. Алғашқы күні J2 санаты бойынша 48 келі салмақ дәрежесінде елордалық Ақмарал Науатбек жеңіске жетті. Ақмарал барлық қарсыласын иппонмен жеңді. Бұл – оның паралимпиадалық дзюдодан бірінші халықаралық жарысы. А.Науатбек өткен жылға дейін дзюдо бойынша күресіп, ел намысын әлемдік аренада абыроймен қорғап жүрді. Әйткенмен, 2021 жылы жаңа маусым қарсаңында медициналық бақылаудан өткенде, мамандар көзінің нашар көретінін және дзюдо бәсекесіне жіберілмейтінін жеткізіп, спорт мансабын пара спорт бойынша жалғастыруға кеңес берген. Жыл басында ол Қазақстан чемпионатында қарсылас шақ келтірмеген еді. Гран-при алдында IBSA мамандары тағы да тексеріс жүргізіп, екі жыл парадзюдода күресуге рұқсат берген. Осы Гран-при бәсекесінде жеңімпаз, жүлдегерлерге дзюдодағыдай рейтингтік ұпайлар үлестіріледі. Сөйтіп, Ақмарал парадзюдодан алғашқы әлемдік жеңісіне қол жеткізді. «Енді келесі тексеру Париж паралимпиадасы қарсаңында болады», – дейді спортшы.
К. ЕСІМХАН