«AMANAT» партиясының Ақмола облыстық филиалы жанынан «TALQYLAU» диалог алаңы жұмысын бастады. Онда өңірдің зиялы қауым өкілдері, журналистер, тарихшылар және заңгерлер «Референдум – Жаңа Қазақстанға алғашқы қадам» тақырыбында өз ой-пікірін ортаға салды. Диалог алаңын облыстық партия филиалының атқарушы хатшысы Айна Мысырәлімова ашып, жүргізіп отырды. «TALQYLAU» алаңында партияның референдумды қолдау бойынша республикалық штабының мүшесі, «Ақмола-Тіршілік» серіктестігінің директоры Жабал Ерғалиев алғашқылардың бірі болып сөз алып: «Біз, Қазақстан халқы тарихтың жауапты кезеңінде тұрғанымызды айқын сезінуіміз керек. 5 маусым күні өтетін референдум мемлекетіміздің жаңа болашағын анықтайды. Кейбіреулер референдумның керегі қанша дейтін бос сөз айтып жатады. Оның жөні жоқ. Өйткені қолданыстағы Конституцияның 99-бабының 33-іне өзгеріс енгізу ұсынылып отыр. Осы өзгертулер арқылы біз дамудың жаңа сатысына түсетін боламыз», – деп ол алдағы референдумның халық үшін маңыздылығына тоқталды. Тарих ғылымдарының кандидаты Аманай Сейтқасымов пен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің Құқық кафедрасының аға оқытушысы Ерлан Наурызбаев Конституцияға енгізілетін өзгертулер жайлы нақты ақпарат беріп, әр тармағына жеке-жеке тоқталды, өзгертулердің маңыздылығын айқындап берді. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Аманай Асылбайұлы: «Мемлекеттік басқару жүйесін өзгертіп, елдегі саяси ахуалға жаңа дем беретін Конституциялық референдум – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» идеясының нақты жүзеге асуының дәлелі. Мажоритарлы сайлау жүйесінің енгізілуі сайлаушылардың республикалық қана емес, жергілікті жердегі мүддесінің де жіті қорғалуына мүмкіндік туғызады. Саяси жүйені дамыту мен олардың мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында партияны тіркеу талабы 20 мың адамнан 5 мың адамға төмендейді. Бұлардың барлығы Әділетті Қазақстанды құрудың алғышарты. Енді осы өзгерісті Парламент депутаттары өздері дауыс беріп, бекіте алмайды. Ол үшін халықтың қолдауы қажет. Сондықтан әрбір азаматымыз 5 маусымда дауыс беріп, осы тарихи бетбұрысты жасауға өз үлесін қосуы тиіс», – деген ой-пікірін білдірді. «TALQYLAU» алаңына жиналғандар өз ойын ортаға салып, сұрақтарына жауап алуға мүмкіндік алды. Тікелей эфирде өткендіктен, әлеуметтік желі бойынша көрермендерден сан түрлі сұрақ келіп түсті. Мәселен, референдум қабылданған жағдайда ең басты өзгеріс қандай болмақ деген сауалға жауап берген Аманай Асылбайұлы: «Референдум бірден өзгеріс әкеледі деген қате түсінік болмауы тиіс. Себебі Конституциядағы өзгерістер негізінде жерге қатысты, әйтпесе басқа да сұрақтар бойынша заң қабылданады. Ал Екінші Республика деп айтып жатырмыз. Бұл кезеңге көшу 5-10 жылға созылуы мүмкін. Сондықтан асығудың қажеті жоқ. Ең бастысы, саяси реформаларды жасап алсақ, бұл халықтың тұрмысына да, ел экономикасына да әсер ете бастайды, сонда барып оң өзгерістерді көреміз», – деді ол. Жазушы Жабал Ерғалиұлы референдум өткеннен кейін болатын оң өзгерістерді тізбектеп берді. «Жақсы өзгеріс болады. Президент пен әкімдердің саяси партияда болмауының өзі жақсы қадам. Биліктегілердің жақын туыстарының саяси қызметтерде, квазимемлекеттік секторда лауазымды қызметте болмауы жемқорлықты, парақорлықты, заңсыздықты тыяды. Соңғы жылдары халық неге көшеге шығып кетті?! Олар әділеттікті іздеді. Соттардың шешіміне риза болмай, сот алдына тұрып алған жағдайлар көп кездеседі. Енді Конституциялық Сотқа жүгінуге әрбір қазақстандық азаматтың құқығы бар. Ендеше Жаңа Қазақстан құру дегеніміз – әділетті қоғам құру», – деп өз ойын жеткізді. Сөйтіп, диалог алаңы арқылы алдағы референдумның мән-маңызын халыққа жеткізу мақсат етілді. Мақсат орындалғандай. Айта кетейік, «TALQYLAU» алаңы бірреттік эфир емес. Тұрғындарды толғандыратын түйткілді мәселелер алдағы уақытта да осы алаңда талқыланатын болады.