Бір кездері Алматыдағы Алаш арыстары қамалып, артынан «қызыл террордың» құрбаны болып кеткен әйгілі Ішкі істер халық комиссариаты ғимаратының тарихи музейге айналғанынан көпшілік хабардар. Арада көп өтпей дәл осы «сұр» ғимарат жекенің меншігіне өтіп, қонақүйге айналды. Екі ортада боздақтардың туған-туыстары өткізген жәдігер жоғалып кетті. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнінде кезінде талайдың үрейін ұшырған ғимарат төңірегіндегі мәселені қайта қаузап көрген едік. Тарихи ғимарат 2000 жылдың 14 сәуірі күні еліміздің Бас прокуратура, Жоғарғы Сот, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті сияқты органдардың басшылығының келісімімен мұражай кешенге айналуы керек болған. Кешенге Ішкі істер халық комиссариатының ғимараты, ондағы ішкі түрме, жанындағы Қарасай батыр көшесі бойындағы аллея, қазір «Қарағайлы» аталатын саябақ кіреді деп жоспарланған. Әу бастағы жоспар бойынша «сұр» ғимарат ішінде үлкен музейді іске қосып, сырттағы саябақта саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған боздақтардың аты-жөні жазылған мәрмәр тастар орнатылуы керек еді. Рас, құрамында саяси қуғын-сүргін құрбандары қауымдастығының төрағасы Жұмабек Ашуұлы сияқты тарихшылардың бастамасымен бұл музей 2003 жылы ашылды. Бастамашыл топ музейді дамытып, барлық облыспен байланыс орнатты. Осылайша, музей қонақтары қазақтың басына түскен зұлмат пен нәубетті көзбен көргендей әсер алу мүмкіндігіне ие болды. «Сөйтіп жүргенде 2005 жылы аталған ғимарат неше түрлі қитұрқы жолмен аяқасты жекеменшікке өтіп кетті. Содан бері 17 жыл болды, осы ғимаратты қайтарып алу туралы биліктің барлық сатысындағы жауапты азаматтарға хат жазумен келе жатырмын. Тіпті, қалай қайтаруға болатыны туралы заңды жолдарын да дәлелмен айтып келемін. Біздің ойымызша, біріншіден, заң бойынша тарихи маңызы бар ғимараттарды жекешелендіруге болмайды. Екіншіден, сатылып кеткен жағдайда басқа ғимаратпен айырбастап алуға да болады. Тіпті болмаса, «Мемлекет мүддесі үшін қажеттілік» деген негізбен қазіргі иелерінен қайта сатып алуға болады. Бұл айтылған жолдардың бәрі біздегі заңда көрсетілген», – дейді тарихшы Жұмабек Ашуұлы. Дегенмен бір топ тарихшы, тарих мәселелерін көтеріп, зерделеп жүрген қоғамдық ұйымдардың мүшелері қол қойған хаттардың бірде-біріне оң жауап алмаған. Өйткені жауапты мекемелер бұл мәселені Алматы қаласының әкімдігіне сілтейді. Ондағылар бір кездері өз қолымен жасаған қателікті қайта мойнына алуға құлықсыз. Тарихшылар сонда да тыным таппай тарихи маңызы бар ғимаратты жекешелендірудің себебін білуге тырысқан. Дегенмен әкімдіктегілер мұндай уәжбен үнсіз келісетіндей. «Олардан жауап жоқ. Себебі менің талабым заңды тұрғыдан дұрыс екенін олар жақсы біліп отыр. Міне, осылайша жоғарыда айтқандай, 17 жыл уақыт өтті. Осы мәселеге жауапты шенеуніктердің ішінен қазақтың өткені мен тарихына жаны ашитын бірде-бір азамат табылмағанына ішім ашиды. Әрі-беріден соң бұл ғимаратта тәуелсіздік жолында талай боздақ азапталып, шейіт болды ғой. Солардың қаны төгілген орынды енді келіп қонақүйге айналдыру ақылға сыймайтын дүние», – дейді тарихшы. Шынында, қылышынан қан тамған кеңестік жүйенің қасіретті жоспарын мүлтіксіз жүзеге асырған үрейлі ғимаратты музейге айналдыру ұрпаққа мол тағылым болар еді. Өкініштісі, нысан жекенің қолына өткен кезде музейге өткізілген құнды жәдігерлердің біразы жоғалып кетіпті. Олардың арасында Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатовтың да заттары болғанға ұқсайды. «Музейде жұмыс істеген екі жылға жуық уақытта еліміздің әр аймағынан түрлі азамат хабарласып, Алаш арыстарымен бірге қуғынға ұшыраған азаматтардың қолданған бұйымдарын әкеп өткізіп жатты. Шамалы ғана уақыттың ішінде музей қоры құнды жәдігерлермен толығып қалған еді. Өкінішке қарай, біз аяқасты жекешеге заңсыз сатылып кеткен ғимаратты «қалайда қайтарып аламыз» деп әкімшілік пен екі арада жүгіріп жүргенде жаңа қожайындар келіп үлгерді. Сол екі арада көптеген жәдігердің қайда кеткенін таппай қалдық», – дейді Ж.Ашуұлы. Қазір де тарихи ғимаратты мемлекет меншігіне қайтару бойынша жұмыстар толастаған жоқ. Тарихшы Жұмабек Ашуұлының өзі бас болып, Президентке ашықхат жазған. Ол Президенттің бұл мәселеге жанашырлықпен қарап, 17 жылдан бергі даудың соңғы нүктесін қойып беретініне сенімді. Қазақ тарихындағы зұлматты жылдарды індете зерттеп жүрген ғалымның бұл бағытта арнайы ғылыми-зерттеу институты құрылса деген де арманы бар. Бір кездері саяси қуғын-сүргін жылдарына арналған үлкен кешенді орталықтандырылған музей ашу үшін Алматы облысының сол кездегі әкімі Серік Үмбетов музейге арнап арнайы жер де бергізген. Жоғарыда айтқан саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға ден қойған ғылыми-зерттеу институты осы базасында зерттеумен айналысса деген де жоспар болған. Бірақ тарих ақтаңдақтарының тереңіне шамның жарығын түсіруі керек болған жоба қаржының тапшылығынан іске асырылмай қалыпты. Саяси қуғын-сүргін құрбандары қауымдастығының төрағасы Президентке жолдаған ашықхатында жолда қалған жобаға қайта жан бітіру мәселесін көтерген екен. Бір сөзбен айтқанда, нақақтан нақақ атылып, «қызыл террордың» құрбаны болған арыстарды ақтау секілді оларға қатысты тарихи мұраны бір орталыққа жинау да өткеніміз бен келешегіміздің алдындағы қастерлі борышымыз. Ал бұл іс Алматыдағы «сұр» ғимаратты қайта мемлекет меншігіне қайтарудан басталса құба-құп.
Алматы қаласы