Кеше Парламент Мәжілісінің депутаттары М.Тәжмағамбетова мен Д.Әлімбаев, сондай-ақ Алматы облыстық мәслихатының депутаты С.Шеңгелбаев, аудандық мәслихаттың депутаты, «AMANAT» партиясы филиалының атқарушы хатшысы М.Бейсенов Балпық би ауылындағы Мәдениет үйінде тұрғындармен кездесу өткізді. Кездесуде ынталы топ референдумға қатысу әрбір азаматтың парызы екенін, ол еліміздің болашағын айқындауға бағытталған іс-шара екенін түсіндірді. «Конституциялық реформа саяси партиялар арасында бәсекелестікті қалыптастырып, азаматтардың ел дамуына атсалысуына үлкен мүмкіндік туғызады. Саяси партияны тіркеу үшін қолдаушылардың саны 5 мың адамға дейін қысқаруы оң өзгерістерге әкеледі. Әсіресе, жаңа партия құрудағы жеңілдіктер халықтың саяси белсенділігін арттырады. Ал бұрындары партиялардың Парламентке өтуі үшін жалпы сайлаушылар дауысының 7 пайыз үлесін жинау қажет болса, ол меже қазір 5 пайызға дейін түсті. Бұның барлығы алдағы уақытта саяси партияға бірігемін деген азаматтар үшін, жаңа партия құрамын деген азаматтар үшін де жасалып жатқан оң өзгерістер»,– дейді Мәжіліс депутаты М.Тәжмағамбетова. Мәжілісмен Д.Әлімбаевтың айтуынша, өзгерістер жаңа партиялардың құрылуына және қазіргі саяси ұйымдардың жаңаша форматта жұмыс істеуіне алып келетін болады. Сондай-ақ Президенттің жалпыхалықтық референдум жариялауы түрлі кемшіліктерді алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге азаматтардың өткір де өзекті мәселелерін шешіп, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына тікелей көмектесуге жағдай жасайды. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы және азаматтық қоғамға жат құбылыстармен күресіп, әділетті өмір сүруге мүмкіндік беруі тиіс.