«AMANAT» партиясы жанындағы республикалық штабтың мүшесі, Парламент Мәжілісінің депутаты Ғалым Әміреев Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы сапарында «Игіліков» балық зауытының еңбек ұжымымен кездесіп, референдумға белсенді қатысуға шақырды. Жалпыхалықтық референдумды қолдауға арналған кездесуде Ғалым Махмұтбайұлы ең алдымен зауыт жұмысымен танысты. Содан кейін Ата Заңымызға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар туралы кеңінен әңгімелеп берді. «Елдегі саяси маңызы бар кезеңге, яғни, референдумның өтуіне санаулы күндер қалды. Дегенмен қазір халықтың, әрбір дауыс беруші азаматтың бұл оқиғаның негізгі мәнін терең түсінуі маңызды болып отыр. Осы мақсатта біз бірнеше кездесу өткізіп, халықпен, еңбек ұжымдарымен пікір алмасып жүрміз. Байқағанымыз, халық Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Екінші Республика құру жөніндегі мақсатын түсініп, мемлекетті басқаруға халықтың тікелей қатысуы үшін нақты қадам жасап жатқанына оң пікір білдіріп жатыр. Сіздердің тараптарыңыздан да үлкен қолдау болады деп сенемін. Баршаңызды елдің болшағы үшін жасалып жатқан өзгерістерге дауыс беруге шақырамын», – деді Мәжіліс депутаты Ғалым Әміреев. Сондай-ақ кездесуде сөз алған аудандық штаб мүшесі, «Игіліков» балық зауытының директоры Төребек Игіліков Президент реформаларының маңызды тұстарын айтып, ұжым болып референдумға атсалысатынын жеткізді.