Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында тұратын 10 жастағы Әйгерім Жанатқызы бір минутта 1 500 сөзді оқиды. Анасы Перизаттың айтуынша, Әйгерімге жүкті кезінде дәрігерлер құрсақтағы нәрестеге «Даун синдромы» диагнозын қойып, жүктілікті тоқтатуға кеңес берген. Дегенмен Перизат пен Жанат басқа түсер бейнет болса көтеруге тәуекел етеді. 2012 жылы он екі мүшесі сау қыз бала дүниеге келеді.
– Дәрігерлер қойған диагнозға сенбегенмен іштей қобалжумен жүрдім. Он екі мүшесі сау болып дүниеге келгенде қуанышымызда шек болмады. Кітап оқуға деген ынтасы ерте басталды. Жасы биыл онға келеді. Бірақ телефонға қызықпайды. 6 жасынан бастап кітаппен дос болды. Үйде де, жолға шықсақ та қолынан кітап түспейді. Содан Кәусария Сағадатқызының сабақтарын сатып алдық. Бұдан соң Әйгерімнің кітапқа деген қызығушылығы артты. Оны көрген өзге балаларымыздың да кітап оқуға ынтасын байқадық. Бес жасар ұлымыз Раян кітап оқи алмаса да, жылдам есеп шығаруды үйреніп алды. Қазір Раян көбейту кестесін жаттап алып, әрі қарай өзін дамытып жүр, – дейді Перизат Әкімжанқызы.
Анасы балалардың оқуына әкесінің де ықпалы барын айтады. Әйгерімнің әкесі Жанат та балаларының зейінін ашу жолында барын салып жүр.
Атырау облысы