Бұл туралы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановпен кездесуінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы, Польша Республикасының Сыртқы істер министрі Збигнев Рау мәлімдеді. З.Рау Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың конституциялық реформаларын іске асыру нәтижесінде Парламенттің рөлі күшейетінін атап өтті.
– Қазақстанды ауқымды саяси реформаларды жүзеге асыруда біздің ұйым мен ЕҚЫҰ бағдарламалар офисінің барлық ресурсы мен тәжірибесін толық пайдалануға шақырғымыз келеді, – деді ЕҚЫҰ төрағасы.Збигнев Рау Қазақстанға ЕҚЫҰ-ның қайта сайланған төрағасы ретінде өңірмен танысуға арналған іссапары аясында арнайы келді. Сонымен қатар Өзбекстан мен Моңғолияға да сапары жоспарланып отыр. Ерлан Қошанов ЕҚЫҰ төрағасының сапары Қазақстан үшін маңызды саяси оқиға – референдум қарсаңында өтіп жатқанын атап өтті. Мәжіліс спикері мұны Мемлекет басшысының реформалары мен жалпыхалықтық референдумды қолдауының дәлелі деп санайды.