«AMANAT» партиясы жанындағы Республикалық партиялық штабтың мүшелері, Парламент Мәжілісінің депутаттары Жанат Омарбекова мен Ирина Унжакова Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен түзетулерді жан-жақты түсіндіру үшін Өскемен қаласындағы Оралхан Бөкей атындағы қалалық орталықтандырылған кітапхана қызметкерлерімен кездесті.
– Референдум – Жолдауда жариялаған реформаларды халықтың таңдауы арқылы құқықтық тұрғыда бекіту. Егер олар қабылданса, еліміз өзінің саяси дамуының келесі деңгейіне өтеді. Өйткені реформа отандық құқықтық және партиялық жүйені, мемлекеттік билік бөлінісінің принципін өзгертеді. Егер еліміздің өзгергенін, Мемлекет басшысы айтқан «Әділетті Қазақстанның» құрылғанын қаласақ, 5 маусымдағы жалпыхалықтық референдумға қатысуымыз керек, – деді «AMANAT» партиясы жанындағы Республикалық партиялық штабтың мүшесі Жанат Омарбекова.
1995 жылдан бері алғаш өткелі жатқан референдум – Ата Заңымыздың үштен бір бөлігін өзгертуі мүмкін. Сәйкесінше, еліміздің біршама маңызды салаларында өзгеріс болады.
Конституцияға өзгертулер мен толықтырулардың енгізілуі – Қазақстанда ғана емес, көрші елдерде де болып тұратын саяси процесс. Себебі уақыт озған сайын заман талабы өзгеріп отырады.
– Мемлекеттік басқару жүйесін өзгертіп, елдегі саяси ахуалға жаңа дем беретін Конституциялық референдум – жалпыхалықтық деңгейде алғаш өткізіледі. Бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» идеясының нақты жүзеге асуының дәлелі. Мажоритарлы сайлау жүйесінің енгізілуі тек республикалық деңгейде ғана емес, жергілікті жерлерде сайлаушылардың мүддесінің жіті қорғалуына мүмкіндік туғызады. Біз азаматтармен кездесіп, Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды жан-жақты түсіндіріп, туындаған сұрақтарына жауап береміз. Сонда адамдардың референдумға деген көзқарасы өзгеріп, қолдайтынын айтып жатады. Менің ойымша, кез келген ақпаратты халыққа түсінікті тілде дұрыстап жеткізу маңызды, – дейді «AMANAT» партиясы жанындағы Республикалық партиялық штабтың мүшесі Ирина Унжакова.
Кездесуге қатысқан кітапхана қызметкерлері Республикалық штабтың мүшелеріне өз сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірін де білдірді.