Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Самат Мұсабаев 5 маусымда елімізде өткізілетін республикалық референдумның маңыздылығын түсіндіру мақсатында Маңғыстау облысының Маңғыстау ауданы Шебір елді мекеніне ат басын бұрып, ауыл тұрғындарына үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Конституциялық түзетулер бойынша референдумға дайындық жұмыстарының талдауы көрсеткендей, жалпы халық Негізгі заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы біледі. Бірақ ұсынылып отырған новеллалар пакеті президенттік өкілеттіктерді қысқартумен, Парламент пен жергілікті өкілді және атқарушы органдардың рөлін кеңейтумен, құқық қорғау тетіктерін күшейтумен шектелмейтінін ұмытпаған жөн. Кездесу барысында өзгеріске енген жаңа заң қолданысқа түссе, халықтың басқару ісіне араласу мүмкіндігі кеңейіп, билік пен халық арасында байланыс нығая түсетініне тоқталды. «Біріншіден, Мәжіліс депутаттарын бір мандатты округтер бойынша сайлау тетігі өзін-өзі ұсынғандарға сайлануға мүмкіндік береді. Екіншіден, депутаттық мандаттарды кері қайтарып алу тетігін енгізу өз депутатын бақылауға мүмкіндік береді, егер ол жұмысын атқара алмаса, оны кері қайтарып алуға болады. Үшіншіден, ұсынылатын екі кандидатурадан облыс әкімін тағайындауға келісім беретін мәслихаттардың рөлі айтарлықтай күшейе түседі», – деді С.Базарбайұлы. Кездесуде ауыл тұрғындары белсенділік танытып, өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды. Олар Конституциядағы жаңа өзгерістерге көзқарасы оң екенін білдірді. Өз кезегінде қатысушылар елдің жарқын болашағы үшін жасалынып жатқан тарихи сәтте бір кісідей атсалысатынын жеткізді.