Павлодар қаласындағы Естай атындағы мәдениет сарайында ErtisBalaFest фестивалі өтті. Оған облыс әкімі, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Әбілқайыр Сқақов, облыстық филиалдың атқарушы хатшысы Илья Теренченко қатысты. Аймақ басшысы мәдени шара барысында пәндік олимпиадалардың 62 жеңімпазын алтын, күміс және қола медальдармен марапаттады. Ол өз сөзінде түлектердің жетістікке жететініне және міндетті түрде өздері таңдаған университеттеріне оқуға түсетіндеріне сенетінін мәлім етті. – Сіздерге, сіздердің тәлімгерлеріңізге және ата-аналарыңызға сенеміз және әрдайым мақтан тұтамыз, – деді облыс әкімі. – Сіздердің әрқайсыңыз – еліміздің болашағының құрылысшысыздар. Табысқа жетіңдер, өмірден мүмкіндік алыңыздар, біз сіздерді әрдайым қолдаймыз. Аймақ басшысы оқушыларға болашақта бүкіл әлемге танылып, барлық мақсат-мұраттарына жете берулеріне тілектестік білдірді. Сондай-ақ оларды Отан үшін аянбай еңбек етіп, Қазақстанның шынайы патриоттары болуға шақырды.