Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қазанат» ипподромында 3 маусымнан бастап екі апта бойы Жамбы ату және теңге ілуден ересектер, жастар, жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты өтеді. Чемпионатқа еліміздің барлық өңірінен жалпы саны 150-ден аса спортшы қатысады. Жамбы атудан ел чемпионаты корей, түрік және қазақ стильдері бойынша өтеді. Теңге ілу чемпионатының биылғы ерекшелігі – ережеге енген өзгеріске байланысты, іріктеу сындарына 5, финалдық кезеңде 7 теңгеден қойылады. Жарыс жеңімпаздарына бас серіктес – Sport Qory қаржылай жүлде тағайындаған. Чемпионаттың жалпы жүлде қоры – 1,5 млн теңге. Жарыстың ашылу салтанаты Мемлекеттік рәміздер күні мерекесіне орай 4 маусым күні 10.00-де басталады. Сондай-ақ ашылу салтанаты аясында төрт қашықтықта (тай, құнан, кіші аламан, аламан) бәйге жарысы болады. Жарыс кестесіне сәйкес, жамбы ату және теңге ілуден ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты 3-6 маусымда, жастар чемпионаты 9-13 маусымда, жасөспірімдер чемпионаты 15-18 маусымда өтеді. Айта кету керек, салтанатты ашылу рәсімі 4 маусым күні сағат 10.00-де Нұр-Сұлтан қаласы «Қазанат» ипподромында өтеді.