«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы мобильді қоғамдық қабылдау жобасы шалғай елді мекен тұрғындарының мәселесін аудан орталықтарына бармай-ақ шешуде жемісті жұмыс істеп келеді. Жоба аясында әр ауданнан шағымдар көп түсетін 5 шалғай елді мекен таңдалып алынған. 15 наурыздан бері Түркістан өңірі бойынша оған 8 аудан және 1 қала қамтылып, мобильді топ 44 елді мекенге барды. Осы орайда жергілікті азаматтардың партияға деген сенімі артып отыр. Оған дәлел, қабылдауларға 1473 адам келіп белсенділік танытқан. Бүгінге дейін 162 мәселе оңтайлы шешімін тауып отыр. Солардың бірқатарын атап өтер болсақ, шалғайдағы ауылдардың біршамасына ортақ проблема - ұялы байланыс пен интернет сапасының сын көтермеуі. Келес ауданы, Жамбыл ауылдық округінде өткен қабылдауда ауыл тұрғыны Б.Әлтаев интернет жылдамдығын 4G стандартымен қамтамасыз етуге өтініш білдірген. Аймақтық партия филиалы жауапты басқармаға тапсырма жүктеп, нәтижесінде аталған ауылдық округтің 4 елді мекеніне 3G ұялы байланыс интернеті қосылды. Биыл Жамбыл ауылдық округінің орталығы Бекбота елді мекеніне 4G жылдамдықтағы интернет желісі қосылады деп жоспарланған. Сонымен қатар Қазығұрт ауданы, Шанақ ауылының тұрғыны Т.Абдрашов газдандыру, ауызсу тапшылығы, Ақбура бұлағының маңынан су қоймасын салу туралы өтінішін жеткізген. Партия филиалы тиісті мемлекеттік органдармен байланысып, Шанақ елді мекенін табиғи газбен қамту жұмыстары биыл жүргізілетінін және Ұлттық қордан қаржы бөлінгенін анықтады. Ақбура бұлағының маңына су қоймасын салу жұмыстары биыл жүргізіліп, тұрғындарға ауызсу тұрақты берілетін болады. Жедел шешілген өтініштердің қатарында жұмыссыздық мәселесі бар. Мәселен, Арыс қаласының тұрғыны К.Исабекова тұрақты жұмыспен қамтуды сұраған. Қалалық «Адами әлеуетті дамыту» бөліміне ұсыныс білдірудің нәтижесінде өтініш иесі Аққала елді мекеніндегі мектеп асханасына жұмысқа орналастырылған. Бүгінде облыс көлемінде аймақтық және аумақтық филиалдарда жалпы 18 қоғамдық қабылдау бөлмесі жұмыс істеп тұр. Өз нәтижесін көрсетіп келе жатқан мобильді қоғамдық қабылдаудың жұмысы әлі де жалғасып жатыр.
Түркістан облысы