Алматыдағы Ұлттық кітапханада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күнінің 30 жылдығына арналған салтанатты кеш өтті. Кешті Ұлттық кітапхана ұжымы мен Шәмші Қалдаяқов атындағы ақпараттық және мәдени іс-шаралар ұйымдастыру дирекциясы ұйымдастырды. Мерейтойлық жиын Мемлекеттік сыйлықтың иегері, әнші Талғат Күзембаевтың орындауындағы Әнұранымызбен ашылды. Содан кейін сөз алған кешті ұйымдастырушы композитор Қалдыбек Құрманәлі Мемлекеттік рәміздер тәуелсіздіктің бірден-бір символы, оны қастерлеу мен құрмет көрсету ҚР әрбір азаматының егемен ел алдындағы азаматтық борышы екеніне тоқталды.
«Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы, халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер болып табылады. Мәселен, Шәмшінің бүгінгі әнұранымыз «Менің Қазақстаным» әні 1956 жылы солтүстіктегі бес облысты Ресейге қосамыз деген пікірлер айтыла бастағанда соған қарсылық ретінде жазылған туынды. Бұл жерде Шәмші Қалдаяқов пен әннің сөзін жазған ақын Жұмекен Нәжімеденов шекараны тек қарумен емес, рухты әнмен де қорғауға болатынын көрсетті. Кеңес өкіметінің қылышынан қан тамып тұрған уақытта осылай қарсылық көрсете білген Шәмші ағамыз қандай құрмет пен марапатқа да лайық деп ойлаймын", – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қ.Құрманәлі.
Кеш соңында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Сәкен Жақсылықұлының орындауында ақын Ибрагим Исаның сөзіне жазылған Қалдыбек Құрманәлінің «Ән аға немесе Шәмшімен сырласу» әні шырқалды. Сонымен қатар келушілер кітапхана қорынан Мемлекеттік рәміздер күнінің 30 жылдығына байланысты «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» және «Шәмшісіз өткен 30 жыл» атты безендірілген кітап көрмесін тамашалады.«Мемлекетті отанды сүю, ол рәміздерін сүйіп қастерлеуден басталады. Біздің ұлттық идеологиямыз осы нәрседен басталуы керек. Кейінгі кезде кейбір «әншісымақтар» үлкен сахналардан қасиетті көк Туымызды қорлауға дейін барды. Өкінішке орай, біздің бүгінгі идеологиямыз осындай оспадарлыққа жол беріп қойып отыр», – деген қынжылысын білдірді Ж.Дәулет.