Әр күн демей-ақ қояйын, әр апта, ай ауысқан сайын өмірімізде жарқын жаңалықтар болып жатыр десем, асырып айтқандық бола қоймас. Конституциямызға түбегейлі өзгерістер мен толықтырулар енгізген жалпыхалықтық референдумның өткізілуі осындай жарқын жаңалықтардың қатарында. Мұның қай-қайсысы да күнделікті тіршілігімізге ғана емес, келер күнімізге, жарқын болашағымызға да тікелей қатысты. Бұл жерде мен нақты бір мәселе – жер жәннаты Жетісу жерінде жаңа облыстың дүниеге келуі, бұрынғы ірі аймақтың екі бірдей облысқа бөлінуі жайындағы ой-тұжырымымды ортаға салып өтсем деп отырмын. Мыңжылдықтар тоғысында біз Алматы мен бұрынғы Талдықорған облыстарының қосылғанына куә болдық. Ақиқатына көшетін болсақ, бұл қадамның дұрыстығын өмірдің өзі дәлелдеді. Облыс орталығы статусынан айрылғаннан кейін жүдеу күй кешкен Талдықорған жаңа мәртебе алғаннан кейін көз алдымызда көркейді. Аз ғана уақыттың ішінде қаншама жаңа ғимарат пен тұрғын үй салынып, ажарланып, айшықталып шыға келді. Ендігі жерде дана да дара тұлғаның атын иеленген Қонаев қаласы да тура осылай көркейіп, жаңа кейіпке енеді деп ойлаймын. Облыс орталығына айналған соң ондай қиындықтардың ауылы алыс қалып, Жетісудың жауһар қаласына айналған Талдықорғанның үлгісімен жасарып, жаңара түсетіні ешқандай күмән тудырмайды. Аймақтарды жедел басқарып, туындайтын өзекті мәселелерді дер кезінде шешудің жеңілдейтіні өз алдына бөлек мәселе. Айналадағы аудандар мен қалалар тұрғындарының облыс орталығына барып-келу мәселесінің оңайлайтыны да қуантып отыр. Ендігі жерде жүздеген шақырым жердегі Талдықорғанға барып-келіп, мәселе шешу үшін бірнеше күн жұмсаудың қажеттігі бола қоймайды. Мұның бәрі Президентіміздің әбден ойластырылған дана шешім қабылдағанын көрсетеді.
Әбдіжаппар ҚЫСТАУБАЕВ, Алматы облыстық мәслихатының депутаты, «Агрофирма Бірлік» ЖШС-ның бас директоры