Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков Сауран секторының тұрғындарымен кездесіп, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы ой бөлісті. Мұнда қозғалған мәселелер «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасына да енгізілген. Бұл шаһар басшысының жыл басынан бергі Сауран секторындағы үшінші кездесуі. Ақпан және наурыз айларында тұрғындармен кездесу барысында көтерілген 88 мәселенің қазір 82-сі нақты шешімін тапқан, үшеуі орындалу үстінде, тағы үшеуі заңдылық тұрғысынан зерделеніп жатыр. Әкімнің айтуынша, Сауран тұрғын үй алабында 15,8 шақырымды құрайтын 28 көшеге тас төселген. Оның ішінде М.Төлебаев, Алпамыс батыр, А.Жұбанов, Желтоқсан, М.Мәжит және СМП-313 аумақтары бар. Әйтсе де, сарқынды су жүйесі толық жүргізілмеген кей көшелерге әзірге тас төсеу және асфальттау жұмыстарын жүргізу мүмкін болмай отыр екен. Сонымен қатар жалпы ұзындығы 35,9 шақырым болатын 31 көшеге жарықшамдар орнатылған. Қазір енді оларды кезең-кезеңімен электр көзіне қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Б.Майлин – Ә.Жангелдин көшелері аралығына жаяу жүргіншілерге арналған тротуар салынды. «Түркістан қаласы бойынша 2022 жылы 100 аялдама орнату және 50,3 шақырымды құрайтын 41 көшеге жаяу жүргіншілерге арналған жол салу жоспарланған. Қазіргі күні соның 75 аялдамасы орнатылды, 21,2 шақырымды құрайтын жаяу жүргіншілер жолы төселді. Барлық жұмыстар толығымен алдағы шілде айында аяқталады»,– деді қала басшысы. Одан бөлек, биыл тасымалдаушы мекемелер 40 автобус сатып алып №6, 10 маршруттарды жаңартуды, оған қосымша №16, 17 бағыттарды іске қосуды жоспарлаған болатын. Бүгінге дейін 10 автобусы алынып, олар №6 бағытта қызмет көрсетуге жіберілді. Әкімнің айтуынша, шаһарды абаттандыру бойынша да қарқынды жұмыстар атқарылуда. Мысалы, 1-мөлтек ауданында спорт алаңдарын салу, аумақты асфальттау және жаяу жүргіншілер жолдарын төсеу, жарықшамдар орнату, т.б. жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде бұл жұмыстардың 80 пайызы орындалған. Жоспар бойынша барлық жұмыстар шілде айының соңына дейін аяқталуы тиіс. Одан кейін 2-мөлтек ауданда абаттандыру жұмыстары басталмақшы, қазір оған қажетті қаржы қарастырылып жатыр. Онда құрылыс жұмыстары шілде айының ортасында басталады деп жоспарланған.