Қарағанды облысы былтыр тұрғын үй құрылысының көлемі жөнінен рекорд жасады. Сол жолы кеудені мақтаныш кернеген. Дегенмен бір ғана Жаңарқа ауданында салынып жатқан үй «бір құмалақ бір қарын майды бұзадының» керін келтірді. Бұдан он жыл бұрын да «Бесоба» кешеніндегі тұрғын үй құлағанда осындай күй кешіп, кірерге тесік таппап едік. Қазір көп нәрсені «баға құрық салғызбай тұр» деген сылтауға аудара саламыз. Әйткенмен баспана кезегінде тұрған халыққа сапалы да жылы үй керек. Алайда арада он жыл өтсе де «Бесоба» синдромы» елдегі құрылыс алаңдарын кезіп жүргендей. Өткенге оралайық, «Бесоба» тұрғын үй кешеніндегі үй 2009 жылы пайдалануға беріліп, 2012 жылы жанына қарай «қисая салған» уақытта тәуелсіз зерттеу жұмыстарын жүргізген «Береке-Каб» ЖШС бас директоры Құмар Мұсаев: «Бәрінен бұрын іргетасы болмағанына таңғалдық. Үй қираған жердегі нысандарды фотоға түсірдік, ригельдер қалай қойылғанын, ригельдер мен колонналар арасындағы тігіс қалай салынғанын қарадық. Дәнекерленбеген тігістерді көрдік, бағандар жай ғана ригельдердің үстіне қойыла салған. Оның үстіне, Қарағандыда жерасты суы бар екенін де ескеру керек еді, топырақ дымқылданады. Сол топырақ дымқылданатынын ескермей, іргені жерге мықтап бекітпеген» деген еді. Ал ресми қорытынды жұмсақтау болды: «Үйдің құлауына дым-қыл топырақтан іргетасы шөгіп кетуі себеп болған» дей салды. «Іс бітті, қу кетті» дегендей, құрылыс жүргізген компания басшысы миллиондаған қар-жыны қалтасына басып қашып кетті. Құрылыстың алғашқы кірпіші қаланған күннен барлық үйді бақылауда ұстаймыз дегендердің де сөзі құрғақ уәдеге айналды. Әйтсе де «Бесоба» құлағаннан кейін, бұл саладағы жұмыстар қалпына келе қоймады. Кейін осыған ұқсас жағдай Алматы қаласында тіркелді. «Алғабас» шағынауданындағы көпқабатты апатты тұрғын үйдің бұзылатыны туралы айтылды. Қызылордада жаңадан салынып жатқан үй 2015 жылы құлады. Қираған құрылыс нысанының іргетасы шытынаған болып шықты. Ақтөбеде де мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып, тұрғындарға берілген екі дәлізді көпқабатты үйдің бір-бірімен қосылған қабырғалары сөгіліп, арасы күн сайын алшақтап бара жатқаны туралы баспасөз бетінде жазылды, тұрғындар дүрлікті. Ал жақында Қарағанды облысының Жаңарқа ауданында салынып жатқан сапасыз үйдің құрылысы уақытша тоқтатылды. Әлеуметтік желіні шарлаған бейнежазбадан соң шұғыл тексеріс жүргізген құзырлы органдар осындай шешімге келген. Жергілікті тұрғынның бірі түсірген бейнежазбада үй қабырғасының цементсіз қаланып жатқаны анық көрінеді. Жаңарқа кентіндегі «Жаңа Нұр» шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үй де мемлекеттік бағдарламамен салынып жатқан. Құрылысы былтыр басталған, биыл желтоқсан айында тапсырылуы керек. Бөлінген қаражат 454 миллион теңгеге жуықтайды. Енді бұл нысанның кез келген уақытта құлап қалуы мүмкін. Қазір мәселенің мән-жайын анықтайтын арнайы комиссия құрылды. – Бұл комиссия бүгін бас мердігермен және техникалық қадағалау маманымен кездесіп, нысанды толық аралап шықты. Бұдан бөлек, арнайы облыстық мемлекеттік Сәулет-құрылыс қадағалау басқармасының мамандары келді. Аталған мемлекеттік орган өз тарапынан қорытынды бере жатар. Дей тұрғанмен біз, арнайы комиссия құрып, осы нысандағы жұмысты күнделікті бақылауға аламыз, – дейді Жаңаарқа ауданы әкімінің орынбасары Айқын Елеусізов. Құрылыс саласындағы сарапшылардың пікірінше, бекітілген стан-дарттар мен регламенттерге қарамастан Қазақстанда тұрғын үй құрылысында оның бірі де ескерілмейді. Құрылысты әр компания өз білгенінше жүргізеді.Оны бақылайтын да ешкім жоқ. «Бесоба» жаңғырығы әлі күнге дейін жалғасып жатқанына қарағанда, жауаптылар өткеннен сабақ алмаған сияқты. Жақында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Бірыңғай құрылыс порталын әзірлегенін жеткізді. Аталған жүйе бірыңғай цифрлық ортада құрылыстың барлық қатысушыларын шоғырландыруға мүмкіндік береді. Сәйкесінше жұмыс сапасын бақылауға ықпал етеді. Бұдан он жыл бұрын «Бесоба» тұрғын үй кешеніндегі үй құлағанда да құрылыс сапасы бақылауда болады деп сендірген. Алайда нәтиженің қалай болғаны белгілі.
Қарағанды облысы