Белгілі әнші, Халық әртісі Меруерт Түсіпбаева мектепке оқушының орамал тағып баруына қарсы. Оның пайымынша, жеткіншек, әлі тұрға ретінде қалыптаспаған, ақ пен қараны ажырата алмайды. Бұл туралы ойын ол әлеуметтік желідегі парақшасына жазды.
«Мектепке оқушының орамал тағып баруына мен қарсымын! Әлі тұлға ретінде қалыптаспаған, ақ пен қараны, оң мен солды ажырата алмаған жас баланың ертеңгі күнін ойлайықшы… Қазақстан - зайырлы мемлекет! Осы бағыттан, ұрпағымыздың болашағы үшін айырылмайық! Адаспайық! Онсыз да таза, пәк балапандарды тұмшалап, сана-сезімін уламайық! Баланың балалығы болсын! Мектепте оранбай-ақ, асыр салып жүгірсін, ойнасын! Есеюге үлгереді!» деп жазды ол.Әнші орамалды қазақтар қыз бала ұзатылып, өзге босағаны аттағанда ғана таққанын алға тартады. Ат құлағында ойнаған қазақ қызы, көбінесе ерке, еркекшоралау болып өскенін айтады.
«Ата- бабамыздың салып кеткен сара жолымен жүрсек, жаман болмаймыз. Әркім өз пікірін білдіруге құқылы! Шектен шықпаңыздар!! Жауапқа тартыласыздар!» деп те ескертеді Меруерт Түсіпбаева.