«AMANAT» партиясының Түркістан қалалық филиалының ғимаратында партиялықтар халықпен жиі кездесу ұйымдастырып тұрады. Кеше қалалық мәслихаттың депутаты Ақиқат Абдуллаев кезекті қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауға алғашқылардың бірі болып Мұратхан Ілиясов есімді азамат келді. Ол 2011 жылы жекеменшік балабақша ашып, бірақ 2012 жылдан бастап қызметкерлерінің қарызын төлей алмағандықтан, істі болып, сотталып келгенін айтты. Ал қазір зейнетақысының жартысы сол бұрынғы қарызын өтеуге ұсталып жатқан көрінеді. Арызданушы осы мәселе бойынша көмек сұрай келіпті. Депутат А.Абдуллаев оның арызының заңды-заңсыздығын тексеріп, сол бойынша қабылданған шешім жөнінде өзі хабар беретінін жеткізді. Ал арыздана келген Дүйсенкүл Барахова І топтағы мүгедектігі бар сіңлісінің бар екенін, оның тұрғылықты мекенжай бойынша уақытша басқа жерде тіркеліп тұрғанын, енді өз үйіне тіркете алмай жүргенін айтып шағымданды. Ақиқат Махмудұлы азаматшаның өтініші бойынша халыққа қызмет көрсету орталығының маманына хабарласып, өтініш иесін қабылдап, мәселесін шешіп беруін сұрады. Мұхтар Құрақбаев есімді азамат әйелінің екі көзі көрмейтінін, оған ота жасату үшін қаржылай көмек керек екенін айта келген. Партия өкілі бұл азаматтың мәселесі бойынша демеушілік көмек ұйымдастыруға күш салатынын жеткізді. Үш баланың анасы, күйеуі ІІ топтағы мүгедек Зарина Раметова жағдайының қиындығына қарамастан, мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алмайтынын айтып шағымданды. Тіпті, азық-түлікке ақша таппай отырғанын тілге тиек еткен. Депутат мұқтаж жанды бір реттік азық-түлікпен қамтамасыз етті. Ал күйеуінен ажырасқан, 3 баланың анасы Шолпан Оразбай алимент өндіре алмай жүргенін жеткізді. Ақиқат Абдуллаев арызданушының әділдікке қол жеткізуіне көмектесетінін айтып сендірді. Жайна Алмаханова есімді арызданушы ІІІ топтағы мүгедек баласына Нұр-Сұлтан қаласындағы емханада қаралу үшін жолдама алып беруін сұрады. Ақиқат Махмудұлы азаматшаның өтініші бойынша Денсаулық сақтау басқармасымен келісу керегін ескертті. 4 баланың анасы Нилуфар Тайжанова есепшоттарының бұғатталуына байланысты еңбекақысын және балаларына берілетін жәрдемақыны ала алмай жүргеніне шағымданды. Депутат ол бойынша заңгер Мақсат Мырзакәрімовке хабарласып, өтініш иесіне көмек беретінін жеткізді.