Солтүстік Қазақстан облысында ерекше қажеттілігі бар жандардың қордаланған мәселесі шешімін күткелі талай жылдың жүзі болды. Олардың оқуы да, жұмысқа орналасуы да, емделуі де, баспанамен қамтылуы да, жүріп-тұруы да оңай емес. Соны бұрыннан бері айтудай-ақ айтып келе жатса да, әлі шешілетін түрі көрінбейді. Петропавлдық Абай Күзембаев бойына туа біткен індеттің салдарынан 9 жасқа келгенше аяғын баса алмай қор болған. 12 операциядан соң ғана 9 жасында өз аяғымен алғашқы қадамын жасаған кезде ата-анасының қуанышында шек болмаған. Обалы не керек, Абай мен ата-анасы мойнына артылған қаншама ауыртпашылықты мойымай көтере білді. Аяғын алдымен төрт жерден, кейін екі жерден сындырып, қайта жинауға тура келіпті. Айлап-жылдап емделіп, аурухана төсегіне таңылған. Оған дейін төрт қабырғаға қамалып, ата-анасы жұмыстан келгенше терезеге телміріп, далада жүгіріп жүрген құрдастарының ойынына қызығып отырған бала өз аяғына тұрған кезде оны дәрігерлер арнайы санаттан шығарып тастапты. Операциямен іс бітпегенінде, Абайдың басқалар сияқты жүгіріп кетпегенінде, ауруы кейде асқынып, аяғын баса алмай қалатынында да ешкімнің шаруасы жоқ. Алайда анасы оны Нұр-Сұлтандағы Ана мен бала орталығына апарып, дәрігерлерден Абайдың шын мәнісінде ерекше қажеттілігі бар екені туралы анықтама алып келген соң ғана оның арнайы санатқа жататыны расталған. «Сол сапар қалтамызға ауыр тиді. Үйдегі бар малды сатуға тура келді. Себебі дәрігерлердің қабылдауы 25 мың теңге болатын. Әкелген анықтаманың түпнұсқасын жергілікті комиссия алып қалғысы келді. Бірақ анам жоғалып кете ме де қорқып, көшірмесін ғана ұсынды. Содан кейін жыл сайын мен өзімнің «түйе» емес екенімді дәлелдеп, дәрігерлердің алдына жыл сайын жүгінуіме тура келді. Ауруханаға жатудың өзі оңай емес. Барлық талдауды тапсырып, дәрігерлердің тексерісінен өткенше тозақ отын кешкендей боласың. Дәрігерлерге тегін қаралу мүмкін емес, өйткені кезек күткенше арнайы топқа жататыныңды дәлелдейтін мерзім өтіп кетеді. Сондықтан ақылы клиникаларға қараламыз. Ең қызығы, шаршап-шалдығып барлық қағазды жинап, ауруханаға жатқан соң тағы да дәл сол талдауларды қайта тапсыру талап етіледі», – деп таңғалысын жасырмады Абай Сабырұлы. Әсіресе, ауруы әбден асқынған кезде емхана аралау қиын. Абай кейде екі аяғы сырқырағаннан төсектен тұра алмай қалатынын жасырмайды. Жедел жәрдем шақырып, шұғыл дәрігерлік көмек алатыны бар. Бірақ ауруды басатын дәрілерден әрі бала кезіндегі 12 операциядан соң қазір демікпеге ұшыраған әрі басы, жүрегі ауыратынды шығарыпты. Бүгінде ол мерзімсіз ІІІ топтағы ерекше қажеттілігі бар адамдардың қатарына жатады. Бірақ басқа мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жыл сайын немесе 2-5 жылда бір рет өзін арнайы топқа дәлелдеу қиын екенін айтады. «Егер адамның аяғы не қолы жоқ болса, өсіп шықпайтыны белгілі. Көзі көрмесе, енді көре қоюы неғайбіл. Неліктен ондай адамдарды жыл сайын тексеруден өтуге мәжбүрлеп қинайды. Соны түсінбеймін», – дейді Абай Сабырұлы. Оның мүддесін қорғап жүрген NEXT қоғамдық қорының төрайымы Алма Мұстафина дәрігерлерге арнайы топқа жатқызу кезінде жоғары жақтан белгілі бір жоспар беріліп, лимит белгіленеді деген пікірде. «Ерекше қажеттілігі барларға мемлекет тарапынан жәрдемақы төленеді. Қазынаның қаржысы шектеулі болғандықтан, дәрігерлерге І топтың орнына ІІ топ, ІІ топтың орнына ІІІ топ берілсін деген нұсқаулық түседі деп ойлаймын. Тіпті, ерекше қажеттілігі бар жандардың санын азайту туралы да тапсырма берілетін сияқты. Тегін дәріге келген кезде де дәл солай. Оңайлықпен алу мүмкін емес», – дейді Алма Таласпайқызы. «Науқастың жағдайы үнемі өзгеріп отырады» «AMANAT» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалында «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында жергілікті атқарушы органдардың өкілдері ерекше қажеттілігі бар жандарды қабылдаған кезде Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Сәлима Алпысова мұны жоққа шығарды. «Ережеге сәйкес, арнайы топқа жатқызу мерзімі 6 айға, 1, 2 және 5 жылға немесе мерзімсіз деп белгіленеді. Былтырдан бастап 7 жастан асқан балаларға 18 жасқа дейін мүгедектік белгіленетін болды. Ересектер үшін бұрын ең ұзақ мерзім 2 жыл болатын. Қазір соңғы екі жарым жылдан бері кейбір аурулар бойынша 5 жыл. Инсульт, бүйрек жеткіліксіздігі сияқты және басқа да аурулардың тізімі ереженің қосымшасында көрсетілген. «Адамның аяқ-қолы жоқ болса, ол қайтадан өсіп шықпайды» деген сөзді қазіргі өзгерістерден бейхабар адамдар ғана айтады. Ампутация дәрежесіне байланысты науқасқа І, ІІ не ІІІ топ белгіленеді. Жалпы, әр науқастың денсаулық жағдайына жеке-жеке баға беріледі. Шаблон жоқ. Анатомиялық ерекшеліктері, қосымша дерттері, асқыну дәрежесі ескеріледі. Ерекше қажеттілік – динамикалық ұғым. Адамның жағдайы үнемі өзгеріп отырады. Сондықтан кейбір науқастар 1-2 жылдан кейін қайта куәландыруға келеді. Мәселен, аяғы сынған болса, сүйегі бітіп кетуі мүмкін. Оңалту шараларынан кейін жағдайы жақсаратындар да бар. Немесе керісінше қатерлі ісікке шалдыққан адамдардың бойында метастаза пайда болып, ауруы асқынып кетуі де ғажап емес. Сондықтан оларды үнемі бақылау керек. Ал даулы жағдайларда арнайы топ жарты жылға белгіленеді», – деп түсіндірді Сәлима Төлегенқызы. Департамент басшысының орынбасары Сәлима Алпысова емханалардағы жағдайға шағымданушылар көп екенін айтты. Облыс әкімдігі Денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Арлан Балтабеков шынымен де емханаларда кезек көп екенін мойындап, мұның себебі кадр тапшылығымен байланысты екенін айтады. Алайда соңғы жылдары оңалту орталықтары ашылғаны бұл мәселені шешуге септігін тигізгенін айтты. «Ауруханаға жату үшін көрсетілім болуы керек. Онсыз дәрігер ауруханаға жолдама бере алмайды. Әрі ауруханаларды шектен тыс жүктей де алмаймыз. Жуырда ғана коронавирус инфекциясына байланысты қауіп туындады. Әрине, шешімін күткен мәселелер бар екенін түсінеміз. Оларды шешу бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз», – деді Арлан Болатұлы. Естір құлақ жоқ Асырауында мүгедек балалары бар «ОРИДИ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Наталья Емельянова өздері не жұмысқа шыға алмайтынын, не міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында емделуге хақысы жоқ екенін айтып дабыл қағып жүргелі көп жылдың жүзі болды. Қоғамдық бірлестікке мүше аналар әрі өздерінің зейнет жасын төмендетуді де сұрайды. Бұл мәселе де шешімін таппай келеді. «Балаларымыздың қолынан ештеңе келмейді. 57 мың теңге жәрдемақыға қалай күн көруіміз керек? Бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады. Бізді естір құлақ жоқ. Өзгелердің қиындығы ешкімді толғандырмайды», – деп налиды Наталья Ивановна. Өкінішке қарай, жағдайды ескерілмей қабылданған құжаттар олардың мәселесін шешуге мүмкіндік бермей отыр. «Еңбек министрлігінің нұсқаулық құжаттары бар. Бізге бұл құжаттарды елемеуге болмайды. Соларды басшылыққа аламыз. Әрине, аналардың қиындығын да түсінеміз. Бірақ ереже осындай. Депутаттар уәде еткенімен, мұндай мәселелерді шешпейді, тіпті заңдарды рационалды түрде өзгертуге де ықпал ете қоймайды. Бұл мәселелер жоғары жақтан шешуді қажет етеді. МӘМС аясында емделу үшін оларға жарна төлеу керек», – деді Сәлима Төлегенқызы. Ерекше қажеттілігі бар жандар сонымен қатар өздеріне жоғары және кәсіптік оқу орындарында тегін оқуға мүмкіндік берілгенін қалайды. Себебі 30 пайыз жеңілдік берілген күннің өзінде 40-50 мың теңге жәрдемақымен оқу ақысын төлеуге қауқарсыз. Оған қоса, денсаулық жағдайына байланысты жеңілдіктер қарастырылғанын да өтініп отыр. Мәселен, музыкалық колледжді бітірген Абай Күзембаев 2-3 сағат бойы хорда тұру өте қиын болғанын айтады. Әрі аяғы қатты ауырған кезде сабаққа бара алмай қалған. Сол үшін бірнеше рет оқудан шығып та қала жаздапты. «Мен өмір бойы үйде отырып білім алдым, одан соң тірек-қимыл қозғалысы зақымданған балаларға арналған интернатты аяқтадым. Мен инклюзиялық біліммен сауат аштым. Ал колледжде сау балалармен қатар білім алуға тура келді. Қиын болғаны айтпаса да түсінікті. Алдағы уақытта оқу орындарында ерекше қажеттілігі бар жандардың ерекшеліктері ескерілсе екен», – дейді Абай Күзембаев. Мемлекеттік орган өкілдерінің айтуынша, биыл ел бойынша жарымжан талапкерлерге 500 грант бөлінген екен. ІІІ арнайы топқа жататындардың мемлекеттік қордан бөлінетін баспана кезегіне тұра алмайтыны да оларды толғандырған мәселелердің бірі. Музыкалық колледжді опералық әнші мамандығы бойынша тәмамдаған соң Абай Күзембаев Жамбыл ауданындағы Благовещенка ауылының мәдениет үйіне жұмысқа орналасқан. Бірақ онда баспана мәселесі шешілмегендіктен, мәдениет үйінің шатырында тышқан-егеуқұйрықтармен бірге тұруға мәжбүр болыпты. «Тамақ пісіруге, жуынуға, кір-қоңымды жууға да жағдай жасалмады. Бес ай қиналған соң облыс орталығына кетіп қалдым. Жұмысқа орналасу қиын болды. Себебі ешкім де ерекше қажеттілігі бар жандарды жұмысқа алғысы келмейді. 28 мың теңге айлықты місе тұтып, белсенді ұзақ өмір сүру орталығына жұмысқа орналастым. Қазір мектеп оқушыларына балаларға вокалдан сабақ беріп жүрмін. Ең қиыны – жұмыс берушіге арнайы топқа жататынымыз туралы анықтаманы көрсету. Бізге жоғарыдан төмен қарайды, сөзбен жанымызды жаралауы мүмкін. Жұмысқа алмау үшін әдемі себептер ойлап табады», – дейді ол. Қоғамдық қордың төрайымы Алма Мұстафина да мүгедектерді жұмысқа орналастыру мәселесі сөз жүзінде ғана қалып отырғанын айтады. «Ал жұмысқа орналасқандарға жұмыс орнында жағдай жасалмаған. Көтергіштер, жеделсатылар, пандустар жоқ. ІІ, ІІІ қабатқа балдақпен көтеріліп жүргендер де бар», – деді Алма Мұстафина. Түптеп келгенде, ерекше қажеттілігі бар жандардың шешімін күткен мәселелері жеткілікті. Оны шешуде дәл осы санатқа жататындардың жайына тереңнен үңілу талап етілетіндей.
Солтүстік Қазақстан облысы